• Мерейтой
  • 20 Қаңтар, 2021

Халқымыздың аса көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл

Балалар, «Армысыңдар, достарым», «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмір-Дастан», «Өмір-өзен», «Бә­сіре», «Соғады жүрек», «Шол­пан», «Қош, махаббат», «Жыр­­лайды жү­рек» секілді көптеген кітаптар жа­зып, қазақ өлеңіне үлкен ол­жа салған ақиық ақын Мұқағали Ма­қа­таев­ты білмейтін қазақ жоқ. Бала­­бақ­ша бүл­дір­шіндерінен бас­тап ең­кей­ген кәрі­ге дейін ақын жыр­ларын жатқа оқи­тын­дар өте көп. Журналы­мыз­­дың оқырман­да­рының барлығы да Мұқа­ға­­ли аталарының өлеңдерімен жақсы таныс екенін де біз жақсы білеміз.
Ақын қайтыс болғалы 44 жыл өтіп­ті. Осы жылдар ішінде ақын­ның артта қал­ған мұралары сан мәрте том-том кітап болып шы­ғып, мил­лион­даған таралым­мен таралып жатты. Ол үрдіс әлі тоқ­та­ған жоқ. Ақын шығар­ма­лары қазақ әде­бие­­ті­н­е қосылған зор үлес болып сана­ла­ды. Оның шығарма­ла­ры жайын­да жазылған зерттеу­лер де өте көп. Үл­кенді-кішілі театр сахнала­рын­да қойы­­лып жатқан шығармалары да жетерлік.
Мұқағали аталарың Шекспир­дің сонет­­терін, Дантенің «Құдірет­ті ко­ме­дия­сын» қазақша­ла­ды. Ақын­ға өмір­­ден озғаннан кейін «Ама­нат» жыр кіта­бы үшін Қазақ­стан Респуб­лика­сы­ның Мем­ле­кет­тік сыйлығы берілді.
Мұқағали Мақатаевтың бала­лар­­ға арналған өлеңдері де бар­шы­лық. Олар мектеп оқулық­та­рына еніп, кішкентай бүл­дір­шін­дер­дің сүйікті туындыларына айналған.

ТАЙЛАҚ

Тайлақты неге тұсаған,
Тайраңдап жүрсе болмай ма?
Керуен сарайға ұқсаған
Керіліп жатқан жол қайда?

КӨГЕРШІНДЕР ӘНІ

Орман, дала, бөктерлер –
Арпалыстар өткен жер,
Соғыс зарын шеккендер,
Оралмасын өткендер!
Біз – ақ қанат кептерлер,
Бізді ұмытып кетпеңдер!

Енді қару алмайық,
Өртенбейік, жанбайық.
Біз адасып қалмайық,
Ақ аспанға самғайық.
Аталардың өмірін
Әрі қарай жалғайық!

Көгерсін жер, көгерсін,
Мол ырысқа кенелсін.
Бейбітшілік жаршысы,
Біз – ақ қанат кептерлер,
Бізді ұмытып кетпеңдер!

БІЗДІҢ ҒАНИ

Жаңа заман басталды,
Жалындаған жастарды
Әділдіктің ісі үшін
Ғани аға бастады.

Жайдары жаз, жаны игі
Біздің ағай Ғаниды
Жас ұландар бүгін де
Жетекші деп таниды.

ЖАСЫЛ БАҒЫМ
ЖАЙНАҒАН

Шыбықтарым кешегі
Шынар болып өседі.
Көктемдегі көйлегін
Күзде ағаштар шешеді.

Тоңбау үшін ақ қарда,
Тон киеді ақпанда.
Қарайды кеп қарағаш
Қайың сырға таққанда.

Жасыл бағым жайнаған,
Ну болады айналам.
Жазда барып орманға,
Жатып алып ойланам.

МЕКТЕБІМЕ

Мектебім – айтар әнім,
Сан рет қайталадым.
Өзіңнен алғанымды
Өзіңе қайтарамын.

Мектебім, қия алмаймын,
Көп нәрсе қиялдаймын...
Мәңгілік оқушың боп
Қалуға ұялмаймын.

Өзіңнен, тегінде, мен
Аттанам сенімменен.
Ассалаумағалейкүм,
Дәу мектеп өмір деген!

ҚУАНЫШЫҢМЕН!

Нұрын төккен маған
Шуағымсың сен!
Айналайын панам,
Қуанышыңмен!

Шаттандырған мені
Жұбанышым сен.
Құттықтаймын сені
Қуанышыңмен!
Аялаған мені
Ән қанатымен,
Құттықтаймын сені
Салтанатыңмен!

Бақытты ғой заман,
Қандай көңілді!
Мен тілеймін саған
Ұзақ өмірді!

ШЕКАРАДА АҒАЙ ЖҮР

Отанның қиыр шетінде,
Аптапта, желдің өтінде,
Көз ілмей ағай сақ тұрып,
Еліне қызмет етуде.

Отанның асқар тауында,
Аязда, нөсер жауында
Мүлгімей ағай тік тұрар,
Тыныштық сыйлап ауылға,
Бірге өскен біздей бауырға.

 

7387 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы