• Мерейтой
  • 20 Қаңтар, 2021

Қазақтың белгілі жазушысы Кәдірбек Сегізбайұлы 80 жаста

Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының лауреаты, белгілі жа­зу­шы Кәдірбек Сегізбайұлы балаларға арнап көп­теген туындылар жазды. Орыс жазушысы Альберт Лихановтың «Менің генералым», сло­вак жазушысы Мария Дрючкованың «Ақ хан­ша», поляк ғалымы әрі суретшісі Бронислав Залесскийдің 1865 жылы Парижде жарық көрген «Қазақ сахарасына саяхат» кітаптарын, т.б. көптеген шетел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Кәдірбек Сегізбайұлының «Жап-жасыл әлем» хикаяты 1981 жылы балалар мен жас­өс­пірім­дерге арналған шығармалардың респуб­ли­калық жабық конкурсында бірінші жүлдеге ие болған.
Қаламгердің «Ашылмаған сыр», «Жылдың ең қыс­қа күндері», «Жап-жасыл әлем», «Қой­нау­дағы ауыл», «Біз қалада тұрамыз», «Жер ор­та­сы», «Жол» секілді кітаптары қазақ оқыр­ман­да­рына жақсы таныс. Ол баспагер ретінде де ор­та мектептерге арналған жаңа буын оқу­лық­тарын қазақ, орыс, ұйғыр, ішінара өзбек тіл­де­рін­де әзірлеп-шығаруда ұшан-теңіз жұмыс атқарды.
Қаламгердің 80 жылдық мерейтойына орай журнал оқырмандары назарына оның бір әңгімесін ұсынып отырмыз.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ

«ҚОЙҚАҚТАЙ»

Әмір қашан болсын: «Әке, деймін, әңгіме айтып бейші, ейтегі айтып бейші», – деп қиылып отырғаны. Ол бес жасқа келсе де, «р» дыбысына әлі тілі келмейді, бірақ өзі ұғымтал-ақ. Әкесінен естіген әңгіме, ертегісінің бәрін қайтадан айтып береді.
Бүгін де әкесі шайын ішіп болғанша, шыдамы таусылып отырған. Бірақ Әмір сұрамай-ақ, әңгімені әкесінің өзі бастап кетті. Ол үйдегі қонақтарға қарап сөйледі.
– Бүгін қызық болды,– дегенде-ақ, Әмір елең ете қалды.– Иен далада жалғыз өзім тұрып, күл-әй келіп. Қой Күркелінің сайында жайылып жатқан. Сайлау екеуіміз жотаның басында әңгімелесіп отырғанбыз. Қалың қарағай өскен шатқалға қарай екі елік түсіп барады екен. Сайлауды қойға қалдырып, мылтығымды алдым да, соңынан ілестім. Бір басып, екі басып, бұқпалап келемін. Бір кезде қалың қарағай ішіне мен де кірдім. Жануарлардың секем алар түрі жоқ, жүре жайылып барады. Атайын десем, оқ жетер жер емес. Жақындай түсейін деп ойладым. Мылтыққа патрон салып, шүріппесін қайырып қойғам ғой баяғы. Он шақты қадам жүремін де, қарағайды тасаланып алға қарап қоямын. Тармақ-тармақ мүйіздері мен жондары ғана көрінеді. Бір кезде шеткерірек тұрған текесін нысанаға ала беріп едім, қарағай қалқасынан екі қозықасы шыға келді. Теңбіл-теңбіл, өздері мұндай сүйкімді болар ма! Не ешкіні, не текені атуға көзім қимады. Кішкентай қозықаларын аядым. Бір жағынан аңшылық құмарлық емес пе, кеткім де келмейді. Содан ойламаған жерде, біреу келіп...
Әңгімені елтіп тыңдап отырған Әмір «қық!» десең, орнынан ұшып кеткелі отыр.
– Сонсоң қайтті?– деді ол үрейі ұшып.
– Сонсоң біреу келіп, мені ту сыртымнан бас салды! Қорыққаным сонша, дауысым да шығып кетті. Сұқ саусағым мылтықтың қайырулы тұрған шүріппесін басып қалыпты. Оның гүрс еткен дауысынан шошып, еліктер де бір-ақ секірді. Бүкіл ормандағы құстар шулап, аспанға көтерілді. Жаңағы өзімді қапсыра құшақтай алған бәле де шалқалай құлаған болды. Бұл кім екен деп ойлаймын. Сайлау болар десем, ол, алдында ғана қарағанымда, жотада отырған. «Не болса да...»– деп, артыма қарасам...
– Кім екен?– деді тағы Әмір шыдай алмай.
– Кім дейсің бе? Кәдімгі аюдың қонжығы. Үлкендігі тура тайыншадай. Көзі жылтырап әлі жатыр. Сірә, ол да қатты қорықса керек, орнынан қозғалар емес. Сөйтсем мен бұқпалап жүргенде, ойнағысы келіп артымнан ілесіп отырыпты да, мен тоқтағанда, қарбаң-құрбаң бас салыпты ғой. Күрескісі келсе керек.
Қонақтар күліп жатыр.
– Қойқақтай,– деді Әмір.
– Кім қойқақ?
– Аюдың баласы екеулейің. Мен болсам ғой, оны бияқ ұстап алып...– деп, Әмір мақтана жөнелді.
Сол кезде қонақтың бірі: «Әне, аю»,– деп еді. Әмір секіріп төрге бір-ақ шықты.
– Кім қойқақ екен? – деді үйдегілер күліп.

 

1163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы