• Әңгіме
  • 20 Қаңтар, 2021

Темірге жабысқан тіл

(Әңгіме)

Бұл былтыр болған оқиға еді. Күні бойы үйде отырған Мәулен кешке таман анасынан сұранып, жылы киініп, сыртқа шықты. Түске дейін жауған қар басылыпты. Соның ызғары ма, даладағы суық қақап кетіпті. Мәулен жүзін шымшыған аязға қарамай, көшеге шықты.
Көрші үйдің баласы Ермекті көрді. Оның бұдан бір-екі жас үлкендігі бар. Ол да өзі құсап далаға жаңа шыққан сияқты, қашаға мініп алып, ойнап отыр екен. Айқайлап еді, жетіп келді.
– Қар жауғаны жақсы болды ғой, ә. Қатқан соң ауыл сыртына шығып, сырғанақ тебетін болдық, – деді көзі күлміңдеп.
– Иә. Жақсы болды, – деді Мәулен оны қоштап. – Сенің шанаң бар ма?
– Бар. Былтыр әкем жасап берген. Қар үстінде құстай ұшады.
Соны айтқан Ермек қашадан еңкейіп өтіп, қоршау ішінде тұрған белтемірге жақындады. Асылмақ болып еді, бойы жетпеді. Сосын андай жерде жатқан дәу дөңбекті дөңгелетіп әкеліп қойып, үстіне шықты. Белтемірге қонып қалған қарды қолындағы қолғабымен ары-бері ысырып тазалап тастады. Сонан соң белтемірден екі қолымен мықтап ұстап, тартыла бастады. Бес-алты рет тартылған соң, асылған күйі денесін ары-бері шайқап біраз тұрды. Бір кезде қолдарын жібере салып, анадай жерге екі аяғымен топ етіп қона қалды. Әрекетіне қарағанда үнемі жаттығатын болу керек.
Қасында тұрған Мәулен оның қимылына қызыға қарады. Сол аралықта оның көзі белтемірдің екі жағындағы темір бағандарға жабысқан қалың қырауға түсті. Ақ мамықтай үлбіреп тұрған қырау көзіне балмұздақты елестетті. Мойнын созып, жаламақшы болды.
– Мәулен, тіліңді оған тигізбе! – деді оның не істейін деп тұрғанын байқап қалған Ермек баж етіп.
Бірақ бұл уақытта Мәулен бағандағы қырауды жалап үлгерген еді. Мәссаған! Суланып тұрған тілінің ұшы алдымен күйгендей болып, «тыз» етті. Одан соң көк темірге тас болып жабысты да қалды. Тілін ары-бері тартып көріп еді, жаны шығып кете жаздады. Басын да қимылдата алмады. Бақырайын десе дауысы шықпады. Көзіне жас толып, көмейіне өксік кептелді. «Не боп қалды бір демде? Тілсіз қалам ба?!» деген үрейлі ой оны мүлдем есеңгіретіп жіберді.
Қасына жетіп келген Ермек:
– Айттым ғой жаңа «тіліңді темірге тигізбе» деп. Қап! Енді... шыдай тұр. Ең бастысы қорықпа, ештеңе етпейді. Мен тез үлкендердің біреуін шақырып келейін, – деп үйге қарай жүгірді.
Не болғанын әлі түсінбей есі шығып тұрған Мәулен «ә-ә-ә-ә» деп қала берді.
Сәлден соң қолында ақ шәугімі бар апасы келді жүгіріп.
– Жалайтын нәрсе таппағандай темірде нең бар еді, балам-оу... – деді күйініп. Шәугімдегі ыстық суды тілінің ұшына сыздықтатып құйып еді, жаны кетіп қалған ба, ештеңе сезбеді. Тек сәлден соң барып, тілінің аздап босай бастағанын сезді. Апасы судан тағы да сыздықтатып құя бастады. Бір кезде барып тілі «тұтқыннан» босады-ау. «Шын ба, өтірік па?!» дегендей, Мәулен тілін салбыратқан күйі тізерлеп отырып қалды. Ермек келіп қолтығынан демеп орнынан тұрғызды. «Қорықпа, тіліңді аузыңа сала бер. Аздап қанап тұр. Түкіріп таста» – деп, ақыл-кеңесін айтып жатыр. Мәуленнің қатты жылағысы келді. Тек Ермектен ұялып, үнсіз қалды.
Біраздан соң өзіне-өзі келгенде көрді, тілінің бір қабат терісі жабысып қыраулы темірде қалыпты. Дуылдап ашып тұрғаны содан болса керек. Бір-екі күн ыстық тамақ іше алмағаны болмаса, Мәуленнің тілі тез жазылып кетті.
Сол оқиғадан кейін Мәулен темір атаулыға жоламайтын болды. Бірақ темір бағанды көрген сайын бір жымиып қоятыны бар...
Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ

Талдықорған қаласы

619 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы