• Әңгіме
  • 20 Қаңтар, 2021

Көрші ақысы

Кеше жауған алғашқы қар айналаны ақ көрпеге орап тастаған. Далада аздаған бет шымшыр аяз бар. Бүгін күн ашық. Ауа тап-таза. Күнмен шағылысқан күміс қар жылт-жылт етеді. Нағыз аққала соғып ойнайтын күн.
Ислам ата есік алдындағы сәкіде мал соятын пышағын қайрап отырған. Немересі Иман жаңа ғана көрші үйдің баласы Мәлікпен ойнауға кетіп еді, лезде қайтып оралды. Атасының қасына отыра беріп еді, ол кісі:
– Тез оралдың ғой. Мәлік үйінде жоқ па екен? – деді.
– Мәлік үйінде, ата. Ойнауға шыға алмаймын дейді.
– Е, онда үйінде істейтін жұмысы көп болған ғой.
– Жоқ, ата! Оның далаға киіп шығатын жылы аяқ киімі жоқ. Былтырғы етігі сыймай қалыпты. Басқасын алуға ақшалары жоқ. Анасы айлығын бір аптадан соң алады екен.
– Қап, әттеген-ай, а! Енді не істесек екен?! – Ислам ата кәдімгідей қиналып, ойланып қалды. Сәлден соң жүзін жылытып, немересіне қарап:
– Иманжан, өткенде мен саған Алматыдан әкеп берген етік үлкен болып қалған жоқ па еді. Сен қарсы болмасаң сол етікті Мәлікке берейік. Оның аяғы сенікінен үлкендеу болу керек, – деді.
– Ой, ата, рақмет, мен де сізге соны айтайын деп келгем.
– Ақылыңнан айналдым, бара ғой, тездетіп етікті алып шық.
Иманның үйге кіргенінен шыққаны тез болды. Қолында ұзын қонышты, жылтыраған жап-жаңа етік.
– Мұнымыз дұрыс болды, балам. Барып Мәлікке етікті кигізіп, осында ертіп кел. Әкелері қайтыс болғалы бері төрт баламен аналары қатты қиналып жүр. Қазір әкең ана байлаулы тұрған қойдың біреуін сояды. Содан бір жілік ет берейік. Соны алып кетсін. Сонан соң ойнайсыңдар, – деді Иман ата немересінің арқасынан қағып.
Иманның әкесі қойды бауыздап, белдеу ағашқа іліп, терісін сыпырып жатқан кезде Мәлік пен Иман да келді. Қастарында Мәліктің анасы Жұмагүл бар. Иман мәз. Қайта-қайта Мәліктің аяғына қарап, жымиып қояды. Мәлік болса аздап қысылып тұрғандай. Көзін жерден алмайды. Осы кезде Мәліктің анасы:
– Ата, сіздерге көп рақмет! Алла разы болсын. Айлығымды алған соң әперемін деп отыр едім, қар жауып қалды ғой. Бізге ылғи көмектесіп жүрсіздер. Бізден қайтпаса, Алладан қайтсын!, – деді көзіне іркілген жасты орамалының ұшымен сүртіп.
– Ешқандай оқасы жоқ, Жұмагүл қарағым. Қысылма. Мен енді бір әңгіме айтайын. Иман, Мәлік, сендер де жақсылап тыңдаңдар. Біздің дінімізде адамдар арасындағы көршілік жайында көп айтылады. Үлкен маңыз беріледі. Оған арналған қасиетті аяттар мен хадистер де баршылық. Көршіге көршінің парызы, сый-құрметі, ақысы жөнінде Мұхаммед пайғамбар да көптеген өсиеттер қалдырған. Соның бірінде: «Жанындағы көршісі аш бола тұра өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» – делінген. Пайғамбарымыздың осы бір ғана хадисінің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Көршің жоқшылық, қиыншылық көріп отырса оған қарайласу – нағыз имандылық. Қазақ халқында бұл тамаша қасиет сонау ескі заманнан бері жақсы сақталып келеді. Біздің халықтың да басынан талай зобалаң өткен ғой. Сондай қиын-қыстау кезде қолдарында барлар өз баласының аузына тосқанын көршісінің баласынан да аяған жоқ. Бір күлшені бөліп жеп, бір сиырдың сүтін бөліп ішті. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен», «Көрші ақысы – тәңір қақысы» деген ата-бабамыздан қалған мына мақалдар соның дәлелі. Біз өздеріңнің көршілерің ретінде парызымызды өтеуге тиіспіз. Әлі-ақ сендер де қатарға қосылып, қолдарың өз ауыздарыңа жететін болады. Ең бастысы, Жұмагүл айналайын, балаларың аман болып, тезірек ержетсін! Аумин! – деп, Иман ата бетін сипады. Басқалар да «Аумин» десіп, беттерін сипап жатты...

Дүйсен Мағлұмов

233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы