• Ертегілер
  • 20 Қаңтар, 2021

Аю мен маса

(Қырғыз ертегісі)

Төбедей дәу аю жұдырықтай ғана қоянды ұстап алады. Ешбір жазығы жоқ байғұсты құлағынан тартып қинайды. Сонда қоян қатты қапаланып:
– Құлақ жазылар, көздің жасы құрғар. Бірақ осыншама қорлық көретіндей не жазығым бар? Аю ормандағы аңдардың ең күштісі. Енді мен кімді қорған тұтамын? – деп арман қылады.
Осы кезде қалың қамыстың ішінен:
– Мені қорған тұт! – деген өте жіңішке үн ызың ете түседі. Қоян көзінің қиығын салып қарайды. Үн қатқан маса екен.
– Сен бе мені қорғайтын? Аю аңдардың күштісі, сен болсаң, масасың. Сенің қолыңнан не келеді?
– О, жолың болғыр! Мен оның ұйқысын қашырып, тынышын кетіруге жараймын ғой. Соны да білмейсің бе?
...Жаздың ыстығында орманнан сая іздеген аю жанын қоярға жер таппай жүреді. Жатып демалайын десе, құлағының түбінен ызың-ызың еткен үн шығады. Аю масаның дауысын тани кетеді. Маса аюдың мұрнына қонып, кеңсірігіне кіріп кетеді. Аю шыдамай алақанымен мұрнын ұрғылап, жерге аунап есі шығады. Ызыңдаған масаның үні құлағынан кетпейді. Аю «енді қай жеріме қонар екен» деп, ұйықтаған болып, қозғалмай тың тыңдайды. Маса аюдың аяқ жағында ызыңдап жүріп, бір кезде ізім-қайым жоғалып кетеді.
«Маса ұшып кетті ғой» деп ойлап тұрғанда, ол аюдың құлағының түбіне қона қалып, «тыз» еткізіп шағып алады. Аюдың көзінен от ұшқындап, орнынан атып тұрады. Оң алақанымен құлағын қағып: «Жеді ғой, жеді! Бұл қандай жаны сірі неме еді», – деп өңкеңдеп қаша жөнеледі.
Маса аюдың соңынан түседі. Оның үні аюдың дегбірін қашырады. Жүгіре-жүгіре әл-дәрмені кетеді. Тыныстап алғысы келіп басын бұтаққа сүйесе, ұйықтап кетіп, түс көреді. Түсінде орман ішінен араның ұясын тауып алыпты. Араның ұясындағы балға қолын сала бергенде «ызың-ызың» деген үнді тағы естиді. Шошып оянып, қаша жөнеледі. Қашып бара жатса да, маса оған тыныштық бермейді. Ызыңдап келіп, қайтадан жым-жырт бола қалады. Аю жаңғақ ағашының түбіне жасырынады. Біраздан соң қиналған сорлы қалғып кетеді. Бірақ маса бұрынғысынша ызыңдап, аюдың жанын жай таптырмайды. Таң атып, күн шығады. Жүні ұйпаланып, қабағы түксиіп ұйықтамаған аю сенделіп келе жатса, масаның ызыңдаған үні құлағына тағы да шалынады. Ол селт ете түседі.
Алыстан байқап тұрған қоян масаға:
– Жарайсың, сабазым! – деп көзінен жас шыққанша күліп, разы болады.
Маса болса аюға:
– Қоянның жанашыры жоқ деп ойлағансың ғой. Енді, батырекесі, оған қорлық көрсеткенді қой. Қоймасаң, мен сені мезі қыла берем. Менен қашып жүріп өлесің! – деп қорқытып, ызыңдап ұшып кеткен екен.

Қырғыз тілінен аударған
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

1528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы