• Әңгіме
  • 20 Желтоқсан, 2020

Таза бұлақ

(Әңгіме)

Нұржан үйге бір кіріп, бір шықты. Байыздап отыра алатын түрі жоқ.
– Астыңнан су шықты ма? – деді анасы кейіп.
– Жоқ...
– Ендеше неге ары-бері жүре бересің? Қарамайсың ба, ана аға-әпкеңнің тапжылмай сабақ қарап отырғанын. Отыр шошаңдамай...
Расында, бесінші сыныпта оқитын Жандос та, жетіншіде оқитын Ақбота да компьютерге үңіліп, онлайн-сабақ оқып отыр. Бұл ғана жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр. Ас үйге бірнеше барды. Бір жолы су ішті, екінші жолы алма жеді.
Нұржан карантин басталған алғашқы аптада уақытты тиімді пайдалануға талпынып, ертерек тұрып дене шынықтыру жаттығуларын жасайтын. Тездетіп шәйін ішіп, онлайн-сабақ оқуға отыра қалатын. Бастапқыда қызық көрінген. Ерекше ынтамен оқып жүрген.
Бір күні түске таяу жалп етіп электр жарығы сөнді. Екі-үш сағат бос отырды.
– Күнде бұлай бола бермес, кітап оқы, – деді Ақбота.
Ол Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабын алып оқи бастады. Кітап қызық екен. Басын көтермей оқыды. Жандос та шұқшия қалыпты. Оның қолында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы». Бұрын Нұржан кітап оқыса, есінеп ұйқысы келетін. Бұл жолы өйтпеді. Қызық кітап өзіне тарта берді. Содан бастап кітап оқуға ынталы бола бастады...
Іші пысқан Нұржан, міне, енді қиялға беріліп отыр. «Коронавирус» деген пәлекет қайдан шықты? Тезірек бұдан құтылып, бұрынғыдай сағат тоғызға дейін ұйықтап, асықпай түс ауа мектепке барып жүрсек қой, шіркін!.. Ойынға ештеңе жетпейді-ау!.. Әбден жалықтым!.. Немен айналыссам екен?!..»
Нұржан ағасы мен әпкесіне назар аударды. Олар әлі тапжылар емес.
Терезеден далаға көз тастады. Ашық күнге, сары жапырақтары сыбдырлаған ағаштарға қарап, қызығып кетті. Орнынан тұрып, аяғын ұшынан басып, сырт киімін кие бастады. Жандос інісіне қабағын түйе көз тастады.
– Қайда барасың?
– Аулаға.
– Не істейсің аулада?
– Таза ауа жұтам... Аздап ойнаймын...
– Жалғыз өзің бе?
– Иә...
– Далаға шығуға болмайды! Коронавирус ауа арқылы ұшып келіп, мұрныңа, аузыңа кіріп кетуі мүмкін. Ауырып қаласың! Ұқтың ба?!
– Соқ өтірікті! Сонда коронавирустың қанаты бар ма ұшатын?
– Бар болғанда қандай!.. Олар ауа арқылы да тарайды!..
– Кім айтты?
– Ғаламтордан оқыдым.
– Жандос дұрыс айтады. Тыңда ағаңды. – Әңгімеге Ақбота араласты. – Сен ары-бері жүріп, бізге кедергі келтіресің. Көңіліміз бөлінеді... Ішің пысса кітап оқы. Өткенде «Балалық шаққа саяхат» қатты ұнап еді ғой. Бұл жолы мен саған Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» деген жинағын оқуды ұсынам, – деп кітап сөресінен мұқабасы ақшыл кітап алып берді.
Нұржан әпкесі берген кітапты қолына алды. Ары-бері парақтап отырды да, «Таза бұлақ» деген әңгімені оқи бастады. «Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты...»
Нұржанды жып-жинақы, мөлтек әңгіме өзіне тарта жөнелді. Әңгімеде «тынбай еңбектен, ешуақытта жалқауланба, сонда ғана мұратыңа жетесің. Мөлдір бұлақтай таза боласың» деген мағына бар екен.
Ақсары бала сол отырғаннан мол отырды. Кітаптың біраз бетін тауысып қана бас көтерді. Келген жеріне белгі қойып, «қалғанын ертең оқимын» деді ішінен. Содан бастап ол қолы босай қалса, кітап іздейтін болды. Қалай кітапқұмар болып кеткенін өзі де байқамай қалды.

Толымбек Әбдірайым

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы