• Әңгіме
  • 20 Желтоқсан, 2020

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҚАСИЕТІ

(Әңгіме)

Жаңа үйге енді көшіп кірген кезіміз. Бір күні аулада шай ішіп отырғанбыз.
– Биыл қарлығаш кешікті ғой, – деді атам тосыннан.
Бұрынғы үйдің белағашында қарлығаштың ұясы бар еді. Оны көрген сайын «Құс төресі қарлығаш қой, жарықтық. Анау-мынау жерге ұя салмайды» деп отырушы еді. Мына сөзінен атамның сол киелі құсты сағынып отырғанын білдік.
– Келіп қалар. Уақыты енді болды ғой, – деді әжем.
Айтқандай-ақ, арада бір апта өтпей қос қарлығаш келді.
Оны көргенде атам қатты қуанды.
– Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың? Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым? – деп өлеңдетті.
– Ата, бұл қандай өлең? – дедім мен елең етіп.
– Бұл Мұқағали атаңның өлеңі ғой! Мен құсап қарлығашты көргенде қуанып шығарған болу керек.

Бізді қайта тапқан қос қарлығаш электр сымына қонып, біраз тербетіліп отырды. Әлден уақытта зып беріп есігі ашық тұрған қораға кіріп кетті. Іле қайта шығып, жаңағы орындарына жайғасты. Кәдімгідей шүйіркелесетін секілді. Әлденелерді айтып былдырлап қояды. Сыртта сәкіде отырған атам екеуміздің назарымыз сонда.
– Ұя салатын орын іздеп жүр, – деді бір кезде атам күбірлеп. – Онысы ертең жаңбыр жауғанда су өтпейтін жер болуы керек. Сірә, осы маңды құп көрген-ау, жайраң қағады.
Құстардың көңіл-күйін анық танығанына таңырқап, бетіне қарасам, атамның өзі де мерейленіп, жымиып отыр екен.

Содан бастап атам екеуіміздің ермегіміз қарлығаш болды. Бұрын қарлығаштың ұясын дайын күйінде көрсем, енді оны қалай салатынына куә болатыныма қуанып, тіпті де қызыға түстім. Екеуі күні бойы тыным көрмейді. Қорадан оқша атып шығады да, қалықтаған күйі ғайып болады. Көп айналмай қайта келеді. Келген сайын титімдей балшық тістеп әкеледі. Оны қораның бұрышынан нобайы біліне бастаған ұяға жапсырады. Жалма-жан қайта ұшады. «Кірпіш қалап жатыр» дедім олардың еңбегіне сүйініп. Сондай-ақ, олардың кепкен соң опырылып қалатын балшықты немен желімдейтінін білгім келді.
Күндер өтіп, қарлығаштар енді ұясына жүн-жұрқа, қыл-қыбыр таси бастады.
– Қарлығаш өте еңбекқор құс қой,– деді атам. – Көп өтпей қарлығаштар ұя басады, – деді атам іле мен білмейтін тағы бір жайды айтып.
– Ұя басқан деген не, ата? – дедім мен қашанғы дағдыммен.
– Ұясы дайын болған құстар әуелі жұмыртқа туады. Сосын оны жиырма неше күн ұясында басып жатады. Содан соң жұмыртқадан балапан шығады. Соны «ұя басу» дейді. Енді көпке қалмай біздің ұядан да қызылшақа балапандар шиқылдайтын болады. Амандық болса, олардың талпынып ұшқанын да көреміз.

Бір күні сыртта шай ішіп отырғанбыз. Қарлығаштар төбемізден айқыш-ұйқыш ұшып, мазасызданып кетті. Бәріміз аңтарылып қалдық. Сол сәт әжем:
– Ойбай, Ниетжан, жүгір! Балапандарға бірдеңе болған шығар? – деді қолымен қора жақты нұсқап.
Құстай ұшып бардым. Бес балапанның біреуі ұядан салбырап, аяғындағы қылға ілініп қалыпты. Енді болмаса үзіліп кетуі мүмкін. Қалған төртеуі сап-сары ауыздарын ашып, шыр-шыр етеді. Екі қарлығашта ес жоқ, жандәрмен айналып ұшып жүр.
– Сатыны әкел! – деді ілесе жеткен атам. Сыртта тұрған сатыны алып келдім. Екеулеп жүріп балапанды орнына қайта салдық.
– Балапандар бір-бірін иықтап, құлатып жіберген сияқты, – деді атам.
– Ұя шетіндегі қылға ілініп қалғаны қандай жақсы болған. Әйтпесе, мойны үзілер еді, – дедім мен әлгінде көргенімді еске алып.
– Жоқ, ол ұя шетіндегі қыл емес, енесі балапанның сирағынан байлап қойған қыл, – деді атам жымиып.
– Қалай?...
– Қарлығаш өте ақылды құс қой. Балапандары сәл үлкейген соң, бүгінгідей құлап кетпесін деп, аяғынан қылмен байлап қояды. Қыран да сөйтеді екен.
Менің қарлығашқа деген құрметім одан сайын арта түсті.

Бекболат ӘДЕТОВ

450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы