• Ертегілер
  • 20 Желтоқсан, 2020

ГҮЛДЕР МЕН КӨБЕЛЕКТЕР

(Ертегі)

Ертеде жер жаралғанда топыраққа шөптермен бірге гүлдер де өсіп шығыпты. Олар даланы құлпыртып жіберіпті. Ұшқан құс, жүгірген аң түгел оларға таңдана қарапты.
Мұны байқаған гүлдер дандайсып, өздерін дүниедегі ең әдеміміз деп масайрапты. Басқаларды көзге ілмейтін болыпты.
Олардың бұл қылығын байқаған басқа өсімдіктер олардан мезі болып, теріс қарап кетіпті. Маңдарына жоламайтын болыпты.
Сөйтіп күндердің бір күнінде жер бетінде көбелектер жаратылыпты. Оларды көрген аң-құстар таңырқап:
– Бұл не деген әдемілік! Қандай керемет! – деп таңдай қағыпты. Олардың сөзін құлақтары шалған көбелектер:
– Жоқ, біз керемет емеспіз, біз – көбелекпіз, – депті маңайларына өздерін таныстырып.
– Жоқ, сендер кереметсіңдер! Біз сендердей көркем жаратылысты әлі көргеніміз жоқ, – деп таңдай қағады жаңа таныстары.
Көбелектер бір қонып, бір ұшып, оларды одан сайын қызықтырыпты. Гүлдер сонда барып ең әдемі болып жаратылған тек өздері емес екенін түсініпті. Сұлу да сүйкімді жаратылысқа қайран қалып, тамсана қарапты.
– Бұлар қандай жәндік болды екен? Қандай әдемі еді өздері! – дейді ақкөңіл Қалампыр таңданысын жасыра алмай.
– Бұлар – көбелектер ғой, – дейді Лалагүл құмыға тіл қатып.
– Бәлкім, біз олармен достасармыз, – дейді Шегіргүл көңілденіп.
– Бізбен енді кім достасады дейсің? Өзімізден әдемі ешкім жоқ деп достарымыздан түгел айырылып қалдық, – дейді Бәйшешек төмен қарап.
– Иә, онымыз дұрыс болмады. Мынау өте әдемі әрі кішіпейіл жаратылыс екен. Бәлкім, бізді кешірер. Олармен достасайық. Менің олармен сөйлескім келіп тұр, – дейді Жауқазын асығып.
Соны айтқан ол өзіне келіп қонған кішкентай көбелекке қызығып:
– Сәлем! – дейді жасқана дауыстап.
– Сәлем! – дейді оның достығын жылы қабылдаған көбелек. – Мен – көбелекпін! Ал сен кімсің?
– Мен – гүлмін. Мыналар менің туыстарым. Сендермен танысқысы келеді.
– Онда, тіпті, тамаша болар еді. Мүмкін, дос болып кетерміз.
Кішкентай көбелек лып етіп ұша жөнеледі. Ол жаңа хабарды басқаларға жеткізуге асыққан еді. Бара сала:
– Жүріңдер, мен сендерді жаңа достарыммен таныстырамын. Олар да сондай әдемі екен. Барлығы бізбен танысуға құмар, – дейді.
Мұны естіген көбелектер кішкене бауырлары нұсқаған жаққа бет алады.
– Оларға бармаңдар! – деп ескертеді олардың сөзін естіп қалған Дәуіт.
– Неге? Олар әдемі ғой, – дейді көбелектер таңырқап.
– Иә, олар өте әдемі. Бірақ, олар өздерін басқалардан жоғары санайды. Ешкімді көзге ілмейді, – дейді Дәуіттің қасында жүрген шегіртке.
– Жоқ, олар тәкаппар емес, – деп ренжиді кішкентай көбелек. Қалғандары екі ойлы болып бөгеліп қалады.
Бір күні көбелектерді үңгірден шыққан жарқанат қуады. Зәресі ұшқан көбелектер қай жаққа тығыларын білмейді. Сол кезде кішкентай көбелек:
– Жүріңдер, гүлдердің арасына барып тығылайық, – дейді.
Көбелектер ұшып барып, гүлдердің арасына тығылады. Көз жазып қалған жарқанат адасып ұшып кетеді. Қауіп сейілген соң көбелектер қателескенін түсініп, өздерін қорғап қалған гүлдерге:
– Гүлдер, біз сендер жайлы нашар пікірде едік. Сендер бізді қиындықтан құтқардыңдар, бізді кешіріңдер! – дейді.
– Жоқ, көбелектер, біз кезінде сондай болғанбыз. Кейін өз қателігімізді түсініп, өзгердік. Енді сендермен қайта табысқанымызға қуаныштымыз. Сендер бізден әдемі ғана емес, ақылды да екенсіңдер! Сендердей дос тапқанымызға мақтанамыз! – дейді гүлдер.
Сөйтіп, көбелектер гүлдермен дос болып, оларға жақын жүретін болыпты.

Асхат Өмірбаев

1472 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы