• БАЛДЫРҒАН
  • 20 Желтоқсан, 2020

Балдырғанның қызыл кітабы

Көкмаңдай

Көкмаңдай – тырнатәрізділер отряды, сутартарлар тұқымдасына жататын құс. Африка, Оңтүстік Азия, Австралия, Полинезия, Малайзия елдерінің тропиктік және субтропиктік аймақтарын мекендейді. Ғалымдар әлемде көкмаңдайдың 24-ке жуық түрі болғанын жазып жүр. Қазақстанда Жайық өзенінің аңғарында кездеседі. Бірақ саны өте аз. Көкмаңдайдың тұрқының ұзындығы 45 сантиметрдей болады. Аяқтары тырнаның аяғындай ұзын болады. Соның есебінен бойының биіктігі жарты метрге жетеді. Қауырсыны күлгін-көк түсті. Маңдайында үлкен қалқаны бар, тұмсығы және аяқтары қызыл. Ұяларын қамыс, құрақ өскен жерлерге немесе судағы төмпешіктерге салады. 6 – 9 жұмыртқа салып, 22 – 25 күндей шайқап, балапан шығарады. Негізінен өсімдіктердің тұқымын, бұтағын және тамырларын жейді. Сондай-ақ кейде ұсақ жәндіктермен, бақалармен, тышқандармен қоректенеді.
Көкмаңдайдың саны әлем бойынша да, біздің елімізде де жылдан-жылға азайып барады. Сондықтан бұл әдемі құс қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Көкқұс

Көкқұс – торғайтәрізділер отрядына жататын құс. Тұрқы 32 – 34 сантиметр. Салмағы 180 – 190 грамм. Қауырсыны қара-көк, тұмсығы сары. Оның көкқұс атануы да денесінің түсінің көкшілдігінен болса керек.
Ол Орталық Азия мен Индонезия аралдарына дейінгі 20 шақты мемлекеттің жерінде кездеседі. Көкқұс Қазақстанда Талас Алатауынан Іле Алатауына дейінгі аймақта тіршілік етеді. Тау бөктерінің жапырақты орман, арша өскен жерінде, өзен бойларын мекендеп, тік жартастар арасына ұя салады. Батыс және Солтүстік Тәңіртау жоталарының жартасты шатқалдарында жиірек кездеседі. Көкқұстың бауыры өзіне алыстан ұқсайтын қара сайраққа қарағанда әлдеқайда жерден көтеріңкі болады. Кейде бауырын суға малып жүгіріп жүреді. Шомылуды ұнатады, күніне бірнеше рет шомылады.
Көкқұс әр түрлі кішкентай жәндіктерді жейді. Ал күзге қарай түрлі жидектерді қорек етеді. Қысқа қарай жылы жаққа қоныс аударады. Бірен-сараны қыстап қалады. Көкқұс – түсі әсем, сайрайтын құс, сондықтан оларды үйде торда ұстау соңғы жылдары көбейіп бара жатыр. Көкқұстың саны өте аз. Сондықтан ол 1996 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Санын көбейту мақсатында Ақсу-Жабағылы және Алматы қорықтарында қорғалады.

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы