• Әңгіме
  • 20 Желтоқсан, 2020

Берері көп «балапан»

Есік кенет ашылып, ішке робот болып киінген кішкене бала кірді. Кірген бойда керіліп тұра қалып, алақанын төр жақта отырған әкесіне қаратып:
– Жасыл қуат соққысы! – деді алақанынан әлдене ұшқындардың ұшып жатқанын дауысымен келтіріп. – Әке, сіз неге құлап түспейсіз? Мен сізге аса қатты соққы бердім ғой. Мұндай соққыдан жаман ниетті роботтар быт-шыт болып, құлап түседі.. Мен – Титанмын, әке. Құламасаңыз, онда одан да күшті соққы беремін...
Солай деген бала жүгіріп шығып кетіп, ілінбей қайтып келді. Кіре сала әлгіндегі әрекетін тағы қайталады.
– Құйынды дауыл! – деді алақанынан әлденелердің ұшып жатқанын дыбыспен келтіріп.
Бұл жолы әкесі тыныш қала алмады. Баласының көңілін қимай, соққы тиген адам болып, еденге құлап түсті.
– Әке, мен күшті ме екем? – деді бала жеңіске жеткеніне масаттанып.
– Соққың өте күшті екен. Мені жерге домалатып түсірді, – деді әкесі жерден басын көтеріп. – Мұны қайдан үйреніп жүрсің?
– Ой, әке, соны да білмейсіз бе? «Балапан» арнасынан...
– А? «Балапан» арнасынан осындай нәрселер беріле ме?
– Иә. Бұл «Тоботтар» деген мультфильм. Менің ең жақсы көретін мультфильмім. Онда деген бар ғой, әке... Кори, Раин деген екі бала бар. Әкелері көлік жасайтын шебер. Екі баласына роботқа айналатын екі көлік жасап берген. Біреуінің аты – Тобот Х, екіншісі – Тобот Y. Екеуі біріксе Титан деген алып робот болады. Ол өте күшті робот. Жаман роботтарды бір соққымен қиратады. Жаңа мен сізге соның соққысымен соққы бердім. Ол деген алыстан соққы береді. Ешқашан жеңілмейді.
– Білдім, – деді әкесі мән-жайды енді түсінген сыңай танытып. – Сонда сен өз елімізде жасалған мультфильмдерді көрмейсің бе?
– Көрем.
– Мысалы, қандай?..
– «Әли мен Ая», «Айдар», «Ертемір», «Шахмат патшалығы», «Пырақтар», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Алан мен қозықа», «Дала ойындары», «Алпамыс», «Керей мен Жәнібек», «Батырлар»...
– Көп қой, тіпті... Олардың қайсысын жақсы көресің?
– «Айдарды» жақсы көрем.
– Қызық па?
– Иә, әке, ол өте қызық. Айдардың кеудесінде қасиетті тұмары бар. Ол – күн сәулесінің бір бөлшегі. Онымен күн сәулесі шағылысқан кезде ертедегі ата-бабаларымызға апаратын өткелдің есігі ашылады.
– Керемет қой мынау. Ол енді қашан болады?
– Күнде кеште болады. Көргіңіз келе ме, әке?
– Көрейін. Басталғанда маған да айтшы.
– Құп болады, Хан ием! – деді бала иіліп, оң қолымен кеудесін басып.
– Бұл сөздерді қайдан үйрендің? – деді әкесі мәз болып.
– «Балапан» арнасынан үйрендім, Хан ием! – деді бала тағы иіліп.
Баласының қылығына сүйінген әке сүйсіне жымиып, мәз болып қалды.

Серік НҰҒЫМАН

214 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы