• Мерейтой
  • 20 Желтоқсан, 2020

Белгілі балалар жазушысы Нәсiреддин СЕРАЛИЕВТІҢ туғанына 90 жыл

Балаларға арналған «Ұшталмаған қарындаш», «Намыс», «Ақ лақ пен қара лақ», «Ақбөпе», «Ақ қайың», «Ыстық күлше», «Қарақыз» деген кітаптары жарық көрген Нәсіреддин Сералиевтің есімі қазақ әде­бие­ті тарихынан лайықты орын алған. Ол көркем аударма саласында да өнімді еңбек етті. Орыс жазушылары И.Котляровскийдің, А.Гайдардың, С.Баруз­дин­нің шығар­ма­ла­рын қазақ тіліне тамаша тәржімеледі.
Жас кезінде «Балдырған» журналында қызмет істеген Нәсіреддин аталарыңның туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Қазақ балалар әдебиетінің белді өкілі соңына мұра қылып қалдырған шағын әңгімелерінің екеуін оқып көрелік. Ұрпақтардың үзілмей келе жатқан сабақтастығы аңғарылмай ма? Демек, жазушының қаламынан туған тартымды әңгімелер сендерді де қызықтырады деп ойлаймыз.

Нәсiреддин СЕРАЛИЕВ

ТӘРТIПСIЗ ЛАҚ

Кеш. Аула төрiнде, үлкен терек көлеңкесiнде кiтап оқып отырғанмын. Кенет тарс-тұрс дыбыс шығып, басымды көтердiм. Қарасам, көршiмнiң бiрiншiде оқитын баласы өзiнiң лағын ышқынта қуалап жүр.
Бiр кезде жеттi-ау лаққа.

Мүйiзiнен ұстап алып, бас-көз демей төпеп жатыр. Осы кезде үйден әжесi шығып, оның қылығын көрдi де:
– Әй, Төлтай, ұрма лақты! – деп айқайлады. Күтпеген жерден шыққан дауыстан селк ете түскен Төлтай лақтан айырылып қалды. Төнiп келген әжесiнен қашпай, тымырайып тұр. – Неге ұрасың? Өй, тәртiпсiз!
– Лақ тәртiптi ме? Неге еккен ағашымды құлатады?.. – деп ренiшiн ұқтырды Төлтай.
Қараймын, әлгiнде ғана құнжыңдап терезе алдына отырғызып жатқан жас ағашы құлап қалыпты. Оны көрген әжесi:
– Жә, екеуiң де оңып тұрған жоқсыңдар... – дедi де, қолын сiлтеп жөнiне кеттi.
– Маған ұрсады, лақтың қылығын көрмейдi, – деп, бұртыңдаған Төлтай құлап жатқан ағашты қайта тұрғызып жатты.

БОР

Кәдірдің қолында жұдырықтай бор. Мектептен оралғалы әдейі тапсырма алып келгендей-ақ бір мезет тыным таппады. Бормен есікті, терезені, шкафты шимайлайды, жаза ма, қайдағы бір суреттерді сала ма, әйтеуір, ойына келгенін істеп жүр.
Кәдірдің әлі мектепке бармаған, алты жасар Сәдір дейтін інісі бар еді. Ағасының қолындағы жұмыртқадай аппақ борды көріп, қызығып кетті. Ол да бормен оны-мұны сызғылап көргісі келді.

– Борыңды бере тұршы, – деді ағасына.
– Сен жаза білмейсің, – деп жолатпады Кәдір.
Көргенінен көз ақы алмай қалатын Сәдір ме, тас кенедей жабысты.
– Бере тұршы, ағатай?
– Бермеймін дедім ғой, бермеймін.
– Бере тұршы, ағатай, күшігің болайын.
– Жоқ, күшік болмай, шошқа боп кетсең де бермеймін.
Кәдірдің жібімесін білген соң, Сәдір сұрауды қойды. Көзінің астымен сұқтана қарап отыр. Бір кезде барып:
– Қайдан алдың борды? – деді.
– Онда жұмысың қанша сенің! – Кенет Сәдірдің қысық көзі күлімдеді:
– Иә, біліп қойдым. Сен ұрлап алғансың,– деді.
Мұны ол борды ала алмаған соң іші күйіп айтты ма, әлде ойына түскен соң айта салды ма, әйтеуір, «ұрлап алдың» деп қайта-қайта сұңқыл­дады.
Кәдірдің ашуы келді.
– Ұрлап алдым! Қайтесің? – деді ерегісіп.
– Алақай, әжеме айтам.
– Айт, айтақ! Қорқып қал­дым.
Үйде бала­лардың қарт әжесі ғана бар-тын. Әкесі мен шешесі жұмыста еді. «Айтам! Айтам!» – деп Сәдір далаға шығып кетті. Кәдір оған мойын бұрған жоқ. Сәлден кейін-ақ имек ағаш таяғына сүйенген қария үйге бүкшеңдеп кіріп келді.
– Әй, Кәдір! Сен бе менің айтқанымды тыңдамайтын?! Бері келші өзің! – деп таяғымен еденді тоқылдата жақындады. Кәдір қоянша орғып, төргі бөлмеден бір-ақ шықты. Есік алдында әжесін ағасына айдап салып, екі езуі екі құлағына жетіп Сәдір тұр. Әже төніп келгенмен ұрысқан жоқ. Ақыл айта сөйледі:
– Әй, шырағым, ата-бабаң істемеген жаман әдетке қайдан үйір болып жүрсің сен?!
– Әже, мен...– деп ақталғысы келіп еді Кәдір.
– Қой, былай! Тыңда үлкенді! – деп тоқтатты. – Шырағым, біздің тұқымда біреудің ала жібін аттаған жан жоқ...
– Әже, мен мұғалімнен...
– Қолыңның сұғанағы болды дегенше қор болдым дей бер, шырағым... Қайдағы бәле, көрсетпе мұндайыңды!
Кәдір ызаға булықты. Сөйлетпей қойды әжесі. Бар өшін ыржиып мәз боп тұрған інісінен алмақ болып, шүйіле ұмтылды. Сәдір әжесінің бауырына кіріп кетті де:
– Апама айтам! Көкеме айтам... – деп тұрып алды. Кәдір ызадан жанып кете жаздады. Көзінен жас дөңгеледі. Мұны көрген әжесі аяп:
– Айналайын, жылама. Саған адам болсын деп айтам, – деп Кәдірдің басынан сипады. Әжесі басынан сипаған сайын оның көзіне жас келе берді. Борды ұрламағанына, мұғалімнен сұрап алғанына сендіре алмай, өкси жылады.
Сәдір ештеңе болмағандай мәз-мейрам.

 

700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы