• Балаларға базарлық
  • 20 Желтоқсан, 2020

Өлеңдер топтамасы

ҚҰСБЕГІ

Кім қорғаса даласын,
«Ер» дейді ондай панасын.
Атам берді әкеліп,
Қыран құстың баласын.

Басқаларға сенбеген,
Сыйлағанға көнбеген,
Балапанын баптаймын,
Қаршығаның мен деген.

Өңге айналар түстегі,
Арман көп-ау іштегі.
Өз ісіне берілген,
Мен боламын құсбегі.

Жарысамын желменен

Тұлғасына қараймын,
Жаман деуге қимаймын.
Жал, құйрығын тараймын,
Қант беріп сыйлаймын.

Атдорбада толған жем,
Сыйпайтыным, желке жақ.
Бүгін момын болғанмен
Ойнақтайды ертең-ақ.

Бойындағы міні қап,
Бусанатын терменен,
Түбі оған мініп ап,
Жарысамын желменен.

ЛАҚ

Қаймықпайды қасыңда,
Шапқылаумен өтеді.
Секіреді тасыңда,
Тамға шығып кетеді.

Тұяқтары сыртылдап,
Епті ететін күш бар ма,
Ойнақтайды қутыңдап,
Құлайтұғын тұстарда.

Алда өнердің ірісі,
Тумай жатып жетілді.
Жүрісі мен тұрысы,
Тентек бала секілді.

АРҚАРДЫҢ ҚОЗЫСЫ

Тауға бардым, арша алдым,
Кім білмейді өз ісін.
Өліп қалған арқардың,
Тауып алдым қозысын.

Жемдеп кебек, тарымен,
Әжем отыр құт көріп.
Бағып келем бабымен,
Тұз жалатып, сүт беріп.

Ұнатқаны қыр гүлі,
Жата алмадым көсіліп.
Келе есейе, бір күні
Қойға кетті қосылып.

Тұрпаты да келіскен,
Жамандауға негіз жоқ,
Оралғанда өрістен,
Табады ылғи мені іздеп.

Аңғартады көзі мен,
Түзейді әлі бекем бой.
Мінезі де қозыдан,
Айнымайды екен ғой.

Оразбай БАЙБАҚҰЛЫ

474 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы