• Балаларға базарлық
  • 20 Желтоқсан, 2020

Балаларға базарлық

ЕКІ ТҮРЛІ ҚУАНЫШ

Самурайдың жиені – жапон келінімнен туған екінші сыныпта оқитын немерем сабақтан қуанып келді.
– Апай маған «сумисың» деді.
Түсіне қойдым да, таңды атырып, баламмен бірге апайына бардым.
– Немерем кеше қуанып келді. Миын ашып көріп пе едіңіз? – дедім күлімсіреп тұрып.
Педагогикалық училищені бітіріп келген мұғалім қыз күмілжіп қалды.
– Байқамай аузымнан шығып кетіпті. Ендігәрі айтпаймын.
– Бұның шешесі баласы сабақ білмесе де асты-үстіне түседі. «Сен білесің, тек қазір айта алмай тұрсың» дейді. Қазақша оқыған жапонның жиеніне аз-кем қамқор болмайсыңдар ма?
Мұғалім қыз кешірім сұрап тұрып: «Олар жапон, біз қазақпыз ғой», – деп күрек тісі ақсия күлді.
– Адамнан адамның артықшылығы жоқ.
Ертесіне немерем сабақтан тағы да қуанып келді.
– Апай маған «суми емессің» деді.
Құрғақшылық болғанына мен де қуандым.Жер шарының үштен екі бөлігі су деп бала күнімізде жағырафиядан оқытып еді.
Сусыз өмір жоқ.
Ағын судай мейірімді мұғалімнің екі күнде екі сөйлегеніне мен де тәнті болдым.

ҚАЗАҚ КІМ?

Немерем екінші сыныпта мектептегі Наурыз тойында «Қазақ кім?» деген сайысқа қатысты.
Бірінші бала:
– Қазы жеген қазақ – нағыз қазақ, – деді.
Екінші бала:
– Ат мініп, тазы ерткен қазақ – нағыз қазақ, – деді.
Үшінші бала:
– Наурызда қазақша киініп жүрген қазақ – нағыз қазақ, – деді.
Төртінші бала (менің немерем):
– Қазақша сөйлей білген қазақ – нағыз қазақ, – деді.
Бас бәйге Қобыландыша киініп, қолына қылыш ұстаған үшінші балаға берілді. Әкесі осы тойды қаржыландырған кәсіпкер екен. Жүргізуші оның да есімін құрметпен атады.
Бала ортаға шығып, сыйлығын алып, «Спасибо!» деп сахнадан қаша жөнелді.
– «Рақмет!» деп неге айтпайсың, шала қазақ?! – деп айқайлады қатарда тұрған немерем.
Адам өзіне қарамай ма екен?
«Қазақ кім?» бәйгесі осылай аяқталды.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

382 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы