• БАЛДЫРҒАН
  • 20 Желтоқсан, 2020

Кірпі

Кірпі – сүтқоректілер класына жататын жәндік. Әлемде кірпілердің 23 түрі бар. Олардың бір-бірінен көп айырмашылығы жоқ. Қазақстанда кірпінің 3 түрі мекендейді. Олар – кәдімгі кірпі, құлақты кірпі және қара кірпі. Кірпілердің салмағы 700 – 800 грамнан аспайды. Денесінің ұзындығы 13 – 28 сантиметр аралығында болады. Барлық кірпілердің бауырынан басқа жерлерін тікенек (ине) басқан. Бір кірпінің терісінде 7 мыңнан 10 мыңға дейін ине болады. Иненің өсу уақыты бір жыл. Әрбір 3 жыл сайын инелері түсіп, жаңарып отырады. Қауіпті жағдай бола қалса, олар домаланып жата қалады. Сөйтіп оны инелері жауынан қорғайды. Кірпінің аяқтары бес саусақты. Үстіңгі күрек тістері ірі, азу тіске ұқсас. Тері асты бұлшық еттері, әсіресе сақина бұлшық еттері жақсы жетілген. Осы бұлшық еттері арқылы кірпінің денесі жиырылып, шар тәрізді болып қалады.


Кірпілер орманда, бұта арасында, бау-бақшада, тіпті елді мекендерде тіршілік ете береді. Індерін аса терең етпей өздері қазып алады. Жемін, әдетте іңірде және түнде аулайды. Ұсақ жәндіктермен, көлбақамен, жыланмен (улысымен де) қоректеніп, орман шаруашылығына пайдасын келтіреді. Сондай-ақ олар алма, алмұрт сияқты жемістерді де жақсы көреді. Қараша айында ұйқыға кетеді де, көктемде күн жылынысымен оянады. Жазғы уақытта қажетті май қорын жинай алмаса, қысқы ұйқы кезінде аштықтан өліп қалуы мүмкін. Ұйықтап жатқанда оның жүрегі минутына 20-60 рет қана, ал қалған кезде 180 рет соғады. Кірпілер орта есеппен 6 жыл тіршілік етеді.


Осы бір көп зияны жоқ момақан жәндік әлем бойынша талай-талай ертегілер мен мультфильмдердің, тақпақтар мен әңгімелердің кейіпкері. Анау-мынау емес, әрбір ісінен үлгі аларлық жағымды кейіпкер. Сондықтан да кірпі миллиондаған баланың сүйікті жәндігіне айналған.
Дүние жүзі бойынша Даур кірпісі Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енгізілген. Ал Қазақстанның Қызыл кітабына 1995 жылы біздің елімізде мекендейтін қара кірпі енгізілген. Қара кірпі тек Маңғыстау түбегі мен Үстірттің батыс шоқысы бойында ғана сирек кездеседі.

1282 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы