• Балаларға базарлық
  • 19 Желтоқсан, 2020

Ақын, журналист Оразхан Жарқынбектің туғанына 70 жыл

Оразхан аталарың журналистік жұмысын «Қызылқұм» аудандық газетінде жауапты хатшы болып бастаған. Кейін Қазақ Ақпарат агенттігінің Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша тілшісі болды. Агенттіктің Астана қаласындағы бюросының меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде шолушы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып қызметін жалғастырды. Қат-қабат жұмыстармен шұғылданып жатса да, кішкентай оқырмандарға арнап өлеңдер мен жұмбақтар, ертегілер жазуға уақыт таба білді. Оның балаларға арналған «Қарабай мен жылан» атты қызықты кітабы жарық көрген. Қаламгердің мерейтойына орай өздеріңе арналған бірнеше өлеңі мен бір топ жұмбақтарын назарларыңа ұсынамыз.

Дұрыс па, бұрыс па?

Біздің Гүлжан долы ма?!
Міне, тағы бүлдірді:
Айнаны алып қолына,
Күл-талқан ғып сындырды.

– Қорлығын-ай мынаның!–
Деп, жинауға кірістім.
– Мұның не?– деп сұрадым,
Сұрадым да,
Ұрыстым.

Сөйтсем,
Гүлжан –
«Аппағым»
(Бала ғой ол қылықты)
«Бет-аузымның сатпағы
Айнадан»,– деп біліпті.

 

Бақшадағы суреттер

Біздің бақша
Көрменің
Дәл өзінен аумайды:
Төбесінен керменің
Жұлдыз – жүзім саулайды.

Қара өрік
Ботамның
Көздеріндей баурайды.
Асқабағы
Шопанның
Қойларынан аумайды.

Қампиған нән қарбыздар
Дирижабль демекпін.
Қызыл гүлдер,
Жалбыздар
Жалауындай бөбектің.

Бүртік-бүртік қияры
Тоңғанға ұқсап тұр, әне.
Қызанақтар ұялып,
Төмен қарап бұғады.

Бұл суреттің бәріне
Қарап көзің қанбайды.
Ал атам ше?
Әрине,
Суретшіден аумайды.

 

Бөбек пен аққу

Бөбек:

Көркің мен келбетің
Жайнатып көл бетін,

Иіліп мойының,
Қанбайды ойының.

Кіршіксіз денеңді
Қызықтап мен енді,

Көп қарай беремін,
Сипағым келеді!
Аққу :

Алақай!
Алақай!
Сипай ғой,
Балақан!
Ұнайды маған да
Жұп-жұмсақ алақан!

426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы