• Балаларға базарлық
  • 16 Қазан, 2020

ДӘРУМЕНДЕР ДАУАСЫ

Өрлеу үшін елің,
Түлеу үшін жерің,
Болу керек мықты
Денсаулығың сенің.

Болу үшін зерек,
Болу үшін ерек,
Денсаулықты дәйім
Күтіп жүру керек.

Ішсең егер дәрі,
Зиянды оның бәрі.
Бойға қуат берер
Тағамдардың нәрі.

Дәрумендер тобы –
Мол қуаттың қоры.
Табиғат та емші,
Біліп жүр сен оны!

 

АЛМА

Жазда ауылға келіп,
Бау-бақшадан теріп,
Алма жесең, болар
Тісің түгел, берік.

Сен өзіңе-өзің,
Сыйла қуат, төзім.
Алма жесең, өткір
Болады екі көзің.

 

СӘБІЗ

Сәбіз жесең жиі, ұқ:
Өсер бойың биік.
Пайдасы көп оның,
Ал ойыңа түйіп.

Өтсе де дерт түйреп,
Қалмайсың сен күйреп.
Сау болады дәйім
Бауыр менен бүйрек.

 

ҚИЯР

Кірпігің мен қасың,
Тырнағың мен шашың
Берік өссін десең,
Қияр болсын асың.

Бойда болса дертің,
Берер саған серпін.
Өкпең тыныс алар
Ойнағанда еркін.

 

ҚЫЗАНАҚ

Ем-дауасы мәлім
Қызанақ ол – дәрің.
Көбейеді жесең
Бойда қуат, әлің.

Көрсең күнде дәмін,
Берер қажет нәрін.
Таза болып терің,
Толығады қаның.

 

ҚЫРЫҚҚАБАТ

Қырыққабат жайын
Біл де, жеп жүр дәйім.
Ас қорытуға болар
Асқазаның дайын.

Ұшан-теңіз емі,
Әсері жоқ кері.
Қатерлі көп дерттен
Қорғап жүрер сені.

 

ҚЫЗЫЛША

Көкөніс бұл ғажап,
Атын айтар өзі-ақ.
Қызылшаға құмар
Оқушылар озат.

Әр бақшада жатыр,
Жеймін десең, мақұл.
Зейініңді ашып,
Берер саған ақыл.

 

КАРТОП

Картоп жесең қалап,
Өсесің тез тарап.
Жүрмейді онда жиі
Қызылиек қанап.

Апаң жасар жылдам,
Емес ботқа құр дәм...
Тек «қытырлақ» зиян
Дүкендерде тұрған.

 

АСҚАБАҚ

Кірсең бақша, баққа,
Көкөніс сал қапқа.
Асқабақ жеп жиі,
Ағзаңды удан сақта.

Асқабақтың дәні –
Денсаулықтың мәні.
Ұйқың болып тыныш.
Сергек жүрші әрі.

Себет-торын талшын
Апаң қолға алсын.
Дәріханаға емес,
Бау-бақшаға барсын.

Бау-бақшаның дәмі –
Дастарқанның сәні.
Мәзіріңде болсын
Дәруменнің бәрі.

Қуат АДИС

Суретін салған Елана Лысенко

 

1311 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы