• Мерейтой
  • 16 Қазан, 2020

Белгілі балалар ақыны Көмек Ыбрайұлы 70 жаста!

Құрметті «Балдырған» журналының оқырмандары!
Менің өнерге деген құштарлығым мектеп табалдырығын аттағанға дейін басталған. Әкем Ыбрай шежіреші, жыршы адам еді. Төрт жасымда шеберлерге барып, жасыма лайықтап кішкентай кесік домбыра жасатыпты. Сол домбыраны бес-алты жасқа келгенше дыңғырлатып отыратыным есімде. Сөйтіп әкем менің музыкаға деген құштарлығымды оятса, «Балдырған» мені ақындыққа баулыды. Бала кезімнен әр санын асыға күтіп жүретін мен «Балдырғанмен» әлі күнге дейін доспын.
«Балдырған» – ой-өрісін дамытып, сөздік қорын дамытқаны үшін балалардың сүйікті журналына айналса, балалық шағын естеріне түсіріп, бала тәрбиелеуге септігін тигізгені үшін үлкендердің де сүйсініп оқитын журналы болды. Өмірден алынған тәрбиелік мәні зор, балаларға түсінікті тілмен берілген шығармалар мен шумақтар кім-кімді де қызықтыратыны сөзсіз.
Өздеріңіз сүйіп оқитын «Балдырғанның» ғұмыры ұзақ болуы үшін оның таралымы да көп болуы керек. Сондықтан журналдың тұрақты оқырмандары болып қала беріңдер деген тілек білдіремін!
Көмек аталарың

Кенгуру

Шықпастай боп бекініп,
Қалтада өскен жетіліп.
Есейген соң кетеді
Шегірткеше секіріп.

Құрқылтайдың ұясы

Есік жасап төр жақтан,
Шегесіз нық орнатқан
Құрқылтайдың ұясы
Аумайды екен қолғаптан.

Шегіртке

Мұнысында бір сыр бар,
Мұртшаларын қамшылай,
Шегірткелер
Тырсылдар
Бейне ыршыған тамшыдай.

Көкті жайпар кезбелер,
Қояйыншы сұрақ бір.
От алып ап,
Тез сөнер
Сен бе құрттай «трактор»?

Көкек

Таңда, кеште, тал түсте,
Дайын тұрар жыр, әні.
«Ку-ку»-ден соң әртісше
Тағзым етіп тұрады.

Бүйі

Бүйі көпте жаз аптап,
Жинамайды ол күнде азық.
Қосаяқша заматта-ақ
Алады өзі ін қазып.

Тастай қашар сұйығын,
Жанай өтсең өктем кеп.
Ал сап-сары бүйінің
Қаны неге көкпеңбек?

Ұшқыш балық

Шөп-шаламды елемес,
Қорегі оның жетеді.
Теңіз емес,
Көл емес,
Мұхиттарда – мекені.

Қара оған анықтап,
Әне, жүйткіп барады.
Су бетінде қалықтап,
Ұшып, ұшып алады.

Қызықтың да түрі бар,
Міне, тағы секірді.
Ұстап, тартар жібі бар
Батпырауық секілді!

Алатау

Алатауым тұрады
Әр көңілге нұр құйып.
Маңға думан құрады,
Жиі-жиі бұлты иіп.

Шыңдарына барғанша,
Гүлдері орап алады.
Алатауым қар жауса,
«Жасырынып» қалады.

Бір әріптің кесірі

Үй маңынан шеткері
Тұрған берік байлауда
Бесті атымды ерттедім,
Бармақшы боп жайлауға.

Тыпыршумен тұр бесті.
«Түсіп қалам жолдан» деп,
Атыма кеп міңгесті
Інім менің Қорғанбек.

Тастақ жерге аяңдап,
Желіп алып құмақта,
Сай бойына аялдап,
Шықтық, міне, қыратқа.

Жарысамын желменен,
Ұзақ жүріп шаршаман.
«Мықтап ұста сен менен, –
Ініме айттым, – ал шабам!»

Көзге жасым түйіліп,
Бір шауып, бір желемін.
Атқа қамшы үйіріп,
Құйғытып мен келемін.

Шалғын жайып кілемін,
Дегендей бір ойнай кет.
Басты айқайға, міне, інім.
«Ойбай! Ойбай! Ойбай!» деп.

Іркес-тіркес жол деген,
Сақтанып-ақ жатқанбыз.
Ор кеп кесе-көлденең,
Мұрттай ұштық аттан біз.

Күш жия алмай бойға әлі,
Отыр жылап Қорғанбек.
Сөйтсем,
Оның «ойбайы» –
Айтқаны екен «Ор бар!» деп.

Жүр қазір де есіріп,
Енді інімді ертпеспін.
Бір әріптің кесірі –
Төсек тарттым төрт-бес күн.

578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы