• Әңгіме
  • 16 Қазан, 2020

Кішкентай бапкер

Сол күні Сырымның қуанғаны-ай! Қуанбағанда ше? Әкесі оның көптен бергі арманын орындап, футбол клубына жаздырды. Енді ол жай бала емес, футболшы.
Сырым жаттығу жасап жүрген балаларға қызыға қарады. Нөмірленген, есімдері жазылған киімдері неткен әдемі! «Маған да тезірек осындай форма берсе екен» деп ойлады ол.
Қатты толқып, әсерленген Сырым алғашқы жаттығудың қалай аяқталғанын сезбей де қалды. Жүзі бал-бұл жанып, үйге кіргені есінде. Анасы құшақтап, бетінен сүйді. Ал інісі Нұрым көңілсіз. Екі көзі боталап тұр.
– Бұған не болды? – деп сұрады әкесі.
Нұрым көзінің жасын сүртіп алды да:
– Мен де футболға қатысам, – деп бұртия қалды.
Әкесі Нұрымды жұбатып:
– Сен әлі кішкентайсың. Балабақшаға барып жүрсің ғой. Футболға келер жылы апарам. Биыл ағаң қатысып көрсін. Футбол ойнауды үйреніп алған соң, саған өзі-ақ үйретеді, – деді.
Нұрым бұған келісті. Енді ол ағасы футболдан келген сайын:
– Бүгін не үйрендің? – деп сұрайтын болды.
Сырым бәрін тәптіштеп айтып береді.
– Бүгін финт үйрендік.
– Ол не? – дейді Нұрым аң-таң болып.
– Ол – алдасу.
– Оны қалай үйрендіңдер?
– Біз фишкалармен жаттығу жасадық. Фишка дегенді білесің бе?
– Жоқ... Ол қандай болады? – дейді Нұрым одан бетер таңғалып.
– Кәдімгі футбол фишкасы. Дөңгелек. Пластиктен жасалған. Біз оларды алаңға тізіп қоямыз да, арасынан кезек-кезек доппен өтеміз, – деп түсіндірді Сырым. Сөйтті де:
– Жақында фишканы өзің де көресің. Әкем сатып алып беретін болды, – деп інісін қуантып қойды.
Көп ұзамай фишкалар да, жап-жаңа доп та алынды. Сырым күндіз футболға барып келеді. Кешкісін інісі балабақшадан келген соң, бірге жаттығуға кіріседі. Бапкері үйреткендерді қайталап қойған өзіне де жақсы болды. Екеуі ауланың бір бұрышында, кейде босай қалса, футбол алаңына кіріп, жаттығулар жасайды.
Сырымның «сабағына» ауладағы кішкентай ұлдардың біразы қызықты. Басында жай қарап тұратын. Кейін бұларға қосылып, бірге жаттығатын болды.
Арада бірер ай өтті. Сырым шыңдалып, футболдың қыр-сырын меңгере бастады. Ауладағы «шәкірттері» де доп ойнауды үйреніп қалды. Ал үлкендер Сырымды «кішкентай бапкер» деп атап кетті.

Бағдат Мәжитов

252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы