• Әңгіме
  • 16 Қазан, 2020

Екі түрлі чемпион

Біздің балалық шағымызда компьютер, смартфон, ұялы теле­фон болған жоқ. Тіпті теледидар дегенді естігеніміз болмаса, көр­ме­генбіз. Біздің досымыз да, ер­мегіміз де өзімізге арналған кі­тап­тар мен апталап, айлап келіп тұ­ратын балалар газет-журналдары еді. Біздің көбіміз бала кезімізде осы «Балдырған» журналымен дос болып өстік. Мазмұны қызықты болғандықтан, өз басым «Балдыр­ғанды» жетінші сыныпқа дейін оқып жүрдім. Бастауыш сыныптың бала­ла­рына ғана ар­нал­са да «Бал­дыр­ған­ды» тастап кетуге қимадым. Әкем журналды бір жылға толық жаздырып бере­тін. «Балдырған­ның» рухында жақ­сы тәрбиеленіп өскен ұрпақтың бірі менмін.
Жазушылық жолға түскен сәттен бастап күні бүгінге дейін журнал­дың авторымын. Балаларға арнап ертегі, әңгімелер жазамын. Ер­теректе орта буын балаларға арналған бір-екі кітабым жарық көрді. Қазір ғылым докторымын. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкерімін. «Құрмет» орденінің, Жамбыл атындағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматымын.
Мен осындай тамаша басылымның оқырманы әлі де көбейе берсе екен деп тілеймін. Бәріміз осы журналмен дос болайық. Сендердің айырылмас серіктеріңнің бірі осы «Балдырған» болатынына сенгім келеді.
Нұрдәулет аталарың

 

Екі түрлі чемпион

Әңгіме

Ахмет асығып келе жатқан. Анадайда келе жатқан баланы тани қойды. Сыныптасы Мақсат. Қасында – анасы. Екеуі де көңілсіз.
Сөйтсе олардың емханадан шыққан беті екен. Мақсат ауырып қалыпты. Оған дәрігер екпе салыпты. Мақсат сол үшін де көңілсіз екен.
– Қайдан ауырмасын, – деді анасы күңкілдей сөйлеп. – Кешке дейін жатып алып телефон шұқылайды. Қой десең де қоймайды. Ақыры, міне, енді дәрігерге сүйреп жүрмін.
– Қай жері ауырды, апай? – деді Ахмет жаны ашып.
– Басы ауырады. Түнімен дұрыс ұйықтай алмайды.
– А, басы ма? – деп сұрады Ахмет. – Мені көзі шығар деп ойлағанмын.
– Неге көзі? – деп сұрады Мақсаттың анасы.
– Өйткені көзі де жасаурап тұр ғой.
– Телефонды шұқылай берген соң, көзі қайтып сау қалсын. Енді бұны көз дәрігеріне де апару керек.

– Ахмет, сен де емханаға барасың ба? – деп сұрады Мақсат. Анасының алдында «Көрдіңіз бе, апа? Емханаға мен ғана емес, басқалар да барып жүр ғой» деп ақталғысы келген. Бірақ, Ахмет емханаға емес, спорт алаңына бара жатқан болып шықты. Қазір кезекті жаттығуы бар көрінеді.
– Спорттың қандай түрі сонда? – деді досының анасы. Ахмет спорттық гимнастикамен айналысады екен. Жуырда мектепаралық жарыста чемпион болғанын да айтып қалды.
– Біздің Мақсат та чемпион.
– Ой, апа, қойшы. Мен ешқандайда чемпион емеспін ғой, – деді Мақсат әлденеге ыңғайсызданып.
– Сен телефон шұқудан чемпионсың ғой, Мақсат.
Сөйтсе, онсыз да ашынып жүрген мамасы кекетіп тұр екен. Талай ақылын айтып, баласына сөзін өткізе алмаған тәрізді. Басқа лажы болмаған соң амалсыз солай айтқанын Мақсат түсіне қойды. Нашар әдетін қойдырғысы келіп, қанша айтса да Мақсат құлағына ілмеп еді. Кейде «Иә, апа, қойдым» деп телефонын бас жағына тастай салатын. Бірақ анасының көзін ала беріп, оған тағы жармасатын еді. Кейде тіпті көрпенің астына тығып та қарап жататын.
– Көрдің бе өзің сияқты балалардың немен айналысатынын? – деді анасы ұлына қарап. – Ахмет, сенің басың ауыра ма?
– Жоқ, – деді Ахмет.
– Көзің ше?
– Жоқ, ауырмайды. Менің ауруым жоқ, – деді Ахмет. – Бізді мектеп дәрігері тексеріп тұрады.
– Сен сонда түк ауырмайсың ба? – деді Мақсат аздап таңырқаған түрмен. Бір жағы сыныптасының ауырмау себебін біліп, өзі де сондай болғысы келіп кетті.
Осы арада Ахмет үлкен кісілерше:
– Спортпен айналысқан адам ауырмайды. Қайта денсаулығы күшейеді. Ол жағын мұғалімдер де, теледидардан да айтып жатыр ғой. Спортпен шұғылданған рахат қой. Апай, кешіріңіз, мен жаттығудан кешігіп барамын, – деді де орнынан қозғала берді.
– Ахмет, онда сен келесі жолы жаттығатын жеріңе Мақсатты да ертіп апаршы.
– Жақсы, апай. Спорт киімдерін дайындасын. Сонан кейін мен жаттықтырушыға жолықтырайын. Сау болыңыздар, – деп, Ахмет жүгіре басып кете барды.

248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы