• Әңгіме
  • 16 Қазан, 2020

Садақа

Биылғы жаз Иманға іш пыстырмады. Оған себеп болған ауылға қыдырып келген немере інісі Рақым. Рақым – әкесінің ағасы Бейсен көкесінің баласы. Қалалық болған соң ауыл өмірінен мүлдем бейхабар бала. Бір жарым айдың ішінде ол Иманнан бір елі қалған жоқ. Бірге жатып, бірге тұрды. Ауылда оған бәрі таңсық. Күні бойы Иманды сұрақтың астына алады да жатады. Содан кейін Иманның іші қалай пыссын?! Рақымның сұрақтарына жауап берумен-ақ шаршайды. Иман оған «Негеш» деп ат та қойып алды.
Құрбан айтқа бір күн қалған болатын. Ислам атаның арнайы семіртіп отырған екі өгізін қаладан келген кәсіпкерлер сатып алды. Құрбандыққа шалмақшы екен.
– Бұл ақшаны сенің әкеңе беремін, – деді Ислам ата Рақымға қарап. – Салып жатқан үйіне жұмсасын.
– Ата, осы ақшамен біздің үй біте ме? – деді «Негеш» тағы да қарап тұрмай.
– Бітпесе тағы беремін, құлыным! – деді Ислам ата немересінің басынан сипап. – Ал, әзірше екеуің мына бес мың теңгені көшенің басында тұратын бір қолы жоқ Дәулет ағаларыңның үйіне апарып беріңдер. «Атам мал сатты. Содан садақа берді» деңдер. Мына екі мың теңгені өздерің бөліп алып, балмұздақ, анау-мынау алып жеңдер.
Аяқ астынан «байып» қалған екеуі жүгіре басып көшеге шықты. Аяқтары аяқтарына жұқпай зымырап келеді. Әрине, атасының тапсырмасын орындап, тездетіп дүкенге жету керек қой. Жарты жолға жетіп қалғанда Рақым сәл аялдап:
– Иман, садақа деген не?– деді сұрақ қойғыш әдетіне басып.
– Рақым, жүрші тезірек. Оны қайтып келген соң атамнан сұрайсың, – деді Иман Рақымға жақтырмай қарап.
Тапсырма орындалды. Дәулет ағаларынан бата алып, жол-жөнекей балмұздаққа тойып, тәтті сусын ішкен екеуі үйге келді. Рақым аулаға кірген бойда қора жақта жүрген атасына қарай тартты.
– Барып келдіңдер ме, қарақтарым? Жарайсыңдар, жастарың ұзақ болсын!
– Барып келдік, ата. Дәулет аға көп рақмет айтты. Сізге Алла разы болсын деді.
– Саламат болсын, балам! Оған да Алланың нұры жаусын!
– Ата, бір сұрақ сұрасам бола ма? Иманнан сұрасам, «атадан сұрап ал» деді. –Рақым атасына сұраулы жүзбен өтіне қарады.

Білмегеніңді сұрау ешқашан айып емес, балам. Сұрай ғой.
– Садақа деген не, ата?
– Сұрағыңнан айналдым, ботам! Садақа туралы сендерге айтпаған екенмін ғой. Қазір айтып беремін. Иман, сен де бері кел. Бір жағыма отыр, – деді Ислам ақсақал ұзын сәкіге жайғасып жатып.
– Садақа – араб сөзі. Шын ықыласпен сыйлау деген мағына береді. Садақа – Ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай сыйлық. Садақаның мұсылмандарға парыз етілген екі түрі бар. Біріншісі – дәулетті адамдар беретін зекет, екіншісі ораза айында міндетті түрде берілетін пітір садақасы. Басқа садақалар ерікті түрде беріледі. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Берілетін зат, ақша садақа болуы үшін оған үш шарт қойылады. 1. Мұқтаж жанға беру. 2. Алла ризашылығы үшін берілуі. 3. Өз мүлкінен, адал табысынан берілуі. Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру мен мал атау жайында айтылады. Садақа жөнінде Мұхаммед пайғамбардың бізге жеткен тамаша хадистері де бар, құлындарым. Оларды есейген кезде өздерің де оқып аларсыңдар. Жалпы, садақаға кез-келген жақсылық істі жатқызуға болады. Мысалы, жол ортасында жатқан тасты шетке алып тастағанның өзі үлкен сауапты іс. Мұны да садақа деп есептеуге болады. Садақа туралы айтылар әңгіме көп. Ал, әзірше осыны қанағат тұтып, естеріңе сақтап алыңдар, – деді Ислам ата немерелерін бауырына тарта құшақтап.
Иман мен Рақым «түсіндік, ата» дегендей бір-біріне жымыңдаса қарап, аталарының құшағына ене берді.

Дүйсен Мағлұмов

274 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы