• Балаларға базарлық
  • 16 Қазан, 2020

Балаларға базарлық

Бақыт
Исаева

Кішкентай кезімнен

Мен кішкентай кезімнен,
Көмектесем анама.
Тыңдап айтқан ақылын,
Құямын ой-санама.

Мен кішкентай кезімнен,
Сүйем ана тілімді.
Үйренемін көп нәрсе,
Болу үшін білімді.
Мен кішкентай кезімнен,
Іс атқарам тартымды.
Сіңіремін бойыма,
Ата дәстүр, салтымды.

Мен кішкентай кезімнен,
Құрмет тұтам халқымды.
Үлкейгенде күні ертең,
Шығарамын даңқыңды.

Балаларға

Балаларым, оқу оқы,
Сөз маржанын ойға тоқы.
Болашақта жейтін наның
Дәнін тауып, құстай шоқы.

Өнер қуып, білімді бол,
Білімде ғой тек сара жол.
Ізденсеңдер талаптанып
Орындалар арманың мол.

Жасы үлкен қартты көрсең,
Қия кесіп өтпе алдынан.
Қолын алып, сәлем бергін,
Аттамай ата салтынан.
Намысы бар бол азамат,
Жақсылыққа жаны үйір.
Жоламаңдар, үлгі алмаңдар,
Жамандықтан бір түйір.

Ұстазыңның, ата-анаңның,
Үмітісің – күш-қуатсың.
Жақсы болсаң, көңіліне
Құйылатын нұр-шуақсың.

Қызмет етіп Отаныңа,
Бола білсең нағыз ер.
Мақтан тұтар бар ісіңді
Елің, жұртың, туған жер.

Әліппе

Көз тастап әр әріпке,
Қызыққан соң,
Мәлікке
Алып берді атасы
Әп-әдемі «Әліппе».

Өткізіп күн, аптаны,
Мәлік тыныш жатпады.
Ұстазы боп әжесі,
Әріптерді жаттады.

Мән беріп әр әріпке,
Досы болды «Әліппе».
Атасы мен әжесі
Риза боп жүр Мәлікке

БАЛДЫРҒАН

Талай бала жаздырып,
Үйлеріне алдырған.
Журналы ғой сүйікті,
Оның аты «Балдырған».

«Балдырғанға» шығады,
Түрлі әңгіме, ертегі.
Қиялыңды жетелеп,
Білімге ол ертеді.

Түрлі-түсті бояумен,
Ғажап сурет салдырған.
Шуақ сыйлап ән-жырмен,
Санаңда ізгі ой қалдырған.

Ашқан сайын қызықтар,
Журналда көп қызық бар.
Баурап алып кететін,
Кроссворд, түрлі сызықтар.

Міне, осындай әдемі,
«Балдырғанның» әлемі.
Өздеріңе арналған,
Аға, апайлар сәлемі.

Жаздырып алып, балалар,
«Балдырғанды» оқыңдар.
Үйреніп одан көп нәрсе,
Ойларыңа тоқыңдар!

Оқулық

Санаңа құяр
Білімнің мөлдір бұлағын,
Оқулық кітап
Өмірлік нәрің, құралың.
Ұқыппен қарап,
Кірлетпей, жыртпай, лақтырмай,
Құрметтеп ұста,
Қадірін біліп, шырағым!

Алдыңа кітап
Келген жоқ сенің оп-оңай.
Шыбықтар егіп,
Өсіріп орман, сан тоғай.
Қағаз жасауға
Соларды кесіп ағалар,
Тер төкті қанша
Шаршаса да бір дем алмай.

Кесілген ағаш
Зауытқа күн-түн тасылды,
Жасалды қағаз
Қат-қабат болып басылды.
Зерттеліп жазған
Әр пәнге арнап мәтіндер
Ғалымдар атымен
Кітапқа енді жазылды.

Ойланып бір сәт
Кітапқа қара сен ептеп,
Бояумен түрлі
Қағаздың бетін өрнектеп.
Талай суретші
Әлемі ғажап әдемі,
Суреттерін салды
Тыным таппай тірнектеп.

Көптеген адам
Баспада еңбек еткенін,
Терумен әріп
Уақыты қанша кеткенін.
Білесің бе сен?
Бейнеттің үлкен күшімен,
Оқулық кітап
Алдыңа солай жеткенін!

10 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Кекілік
Келесі мақала Мазақтамалар

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы