• Әңгіме
  • 23 Қыркүйек, 2020

Жазда атамның ауылында

Әсет үшінші сыныпты жақсы бітірді. Енді ауылға баруға асығып жүр. Анасы оған: «Жазғы демалыста ауылға, атаң мен әжеңе барасың» – деген еді.
Арада екі-үш күн өткенде Әсет әкесімен бірге ауылда жүрді. Атасы мен әжесі құшағына алып, әбден мауқын басты. Дәулет көкесі мен Жанерке жеңгесіне де тез бауыр басып кетті.
Сөйтіп, ауылдың қызық өмірі басталды. Ол үшін таңертең өріске мал айдап, кешке оны шаңы бұрқыраған көшеде тосып алу қызық еді. Атасына еріп атқа мінді. Әжесінің құрт-ірімшігіне армансыз тойды. Дегенмен, аз күннен кейін ауылдың қайталана беретін күнделікті тіршілігі Әсетті зеріктіре бастады. Ол қаладан әкелген планшетін ашып, ойынға кірісті.
– Әсет, сен ауылға андағымен ойнауға келдің бе? – деді бірде ағасының ұлы Айбек.
– Жоқ. Бірақ, менің ішім пысты. Не істеймін?..
– Жүр, мен бір қызық ойын көрсетейін саған, – деді Айбек.
Аздан соң ол ауылдағы балаларды түгел аулаға жиды. Орталарына шеңбер сызып, асық ойнауға кірісті. Балалар ентелеп ойнап жатқан соң, Әсеттің де ойнағысы келіп еді, қырсыққанда қолына сақа тұрмай қойғаны.
– Әлі-ақ үйреніп кетесің! Міне, былай ұста! – деді Айбек шеңбердің сыртындағы асықтарға қарай қолындағы сақасын сермей беріп. Дәл солай ұстап, солай атып еді, Әсеттің сақасы айдалаға кетті.
– Ештеңе етпейді, осылай ата берсең, үйреніп кетесің, – деді бір бала ортада тізілген асықтарды атып, ұшырып жіберіп.
Сәлден кейін балалар жарысып ләңгі тепті. Кеш бата балаларды әке-шешелері шақыра бастады. Бірі есіктің алдына су сеуіп сыпыра бастаса, енді бірі қолдарына шелек алып, құдыққа қарай жүрді. Айбек те әкесінің отын жарып жатқанын көріп, қолғабыс жасауға жүгірді. Алаңда Әсет жалғыз қалды. Бір кезде Айбек қайта жүгіріп келді.
– Әсет, сен неғып тұрсың? Әкеме көмектесейік те, – деді Әсетке.
– Мен отын тасуды білмеймін, – деді Әсет.
– Оның түк қиындығы жоқ. Екі қолыңды жаясың. Мен саған бұталған отын салып беремін. Соны қораға апарып, жинап қоямыз, – деді Айбек.
Әсет басын изеді. Айбек екеуі отынды тез-ақ түгел тасып тастады. Сол сәтте Әсет біреуге көмектесудің өзіне қатты ұнайтынын сезді. Бірақ өзі әбден шаршады. Бұрын тамаққа аса тәбеті тартпаушы еді, бүгін алдына келген асты түгел тауысып қойды. Соны байқаған атасы:
– Қалай, Әсетжан, еңбек етіп жеген ас тәтті ме екен? – деп сұрады.
– Иә, ата! – деп жауап берді Әсет жымиып. – Дәулет көкесі де риза.
Әсет күзде апайы шығарма жазғызса, жазғы демалыстың қалай өткені, ауыл өмірі, ата-әжесіне қалай көмектескені туралы жазамын деп ойлады...

Асхат ӨМІРБАЕВ

280 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы