- Әңгіме
- 31 Тамыз, 2020
АҚБОТА
(скетч)
Әдібай ТАБЫЛДИЕВ
Қатысушылар: Ажар – анасы,
Ақбота – Ажардың қызы. Он жаста.
Бөлмеде Ақбота әлдене шаруалармен айналысып, әбігерленіп жатады. Кешікпей сырттан анасы кіреді. Ақбота оны қуана қарсы алады.
Ақбота: Апатайым, айтуың бойынша ақжаймаларды өтектеп қойдым, міне.
Ажар: Ой, айналайын, көмекшім менің! Сабағыңа дайындалдың ба өзі?
Ақбота: (анасын құшырлана құшып) Әуелі сіздің киімдеріңізді өтектейін, содан соң сабағыма дайындаламын.
Ажар: Жарқыным, қамқоршым менің! Бүгін біздің балабақшаға ат қою қажет болды. Мен «Ақбота» деп ат қоюды ұсындым. Басқалар қолдады. (құшып, сүйіп) Ақботам менің, балабақшаның атын «Ақбота» деп қойдық.
Ақбота: (ыңғайсызданып) Апатайым-ау, бұл ұят емес пе?! Мен ондай құрметке лайық емеспін ғой.
Ажар: Ботам, сен мектепте үздік оқып жүрсің, сыныптың топбасшысысың, өнер үйірмесін басқарасың, анаңа қамқорлық жасап, көмектесіп жүрсің. Оның үстіне, Ақбота деген тек сенің атың емес, бұл сендей талай қызға қойылған қасиетті ат.
Ақбота: Апатайым, енді түсіндім. Ал, атақ деген, меніңше, болашақтағы өзімнің еңбегім мен біліміме байланысты емес пе?
Ажар: Әрине... Ақылыңнан айналайын, Ботам! Дұрыс айтасың. Болашағыңа бақыт тілеймін. (Ақботаның маңдайынан сүйеді)
200 рет
көрсетілді0
пікір