• Әңгіме
  • 31 Тамыз, 2020

ЕРЖҮРЕК КІРПІКШЕШЕН

Жанар Әбдішова

Еркелеген самал жел аузы жапырақтармен бітелген кірпікшешеннің ініне ебін тауып кіріп, көктемнің лебін жеткізді.
Қалың ұйқыда жатқан кірпікшешен көзін ашып алды. Самал жел пістиген тұмсығына көктің, жердің иісін әкеліп, қытықтай түсті...
Ол бұдан әрі бұйығып жата алмады. Керілді, созылды. Құрыс-тырысы жазылған соң, сыртқа шықты. Далаға шыға келгенде, жарқыраған күннен, құстардың сайраған дауыстарынан есінен тана жаздады. Көзімен айналаны шолып шықты. Танауына бір таныс иіс келгендей болды. Шұрқырап қарнының ашқанын сезді...
Ақырын иіс шыққан жаққа қарай жүрді. Түйсігі алдамапты... Анадай жерден ирелеңдеген сумақайды көзі шалып қалды. Басында торғайдың ұясы бар қарағашқа қарай зытып барады. Ұяның ішінде жұмыртқа болуы әбден мүмкін. Жаңа ғана ұяның қасында екі торғайдың қонақтап отырғанын көріп қалған. Тездетпесе, қазір ол ағашқа өрмелеп кетсе, кеш болады... «Қап... бетпе бет жолыққанда, оңай болатын еді... Маған тап бергенде, басынан шап беріп жей беретін едім... Енді біраз шайқасуға тура келеді!» деген ол жүрісін жылдамдатып, алға ұмтылды.
Үлгерді-ау... Ағаштың діңіне оратыла берген жыланды құйрығынан шап беріп тістеді. Өзі тез тікенді тонына оранып жата қалды. Мұндай шабуылды күтпеген жылан ширатылып келіп, басымен дөп дөңгелек болып жатқан кірпікшешенді ұрып кеп жіберді.
Соққыға шыдамай, тұмсығы бір жылт ете қалса, бір тістеп, сеспей қатырмақшы... Бірақ басқаларға ажал болып себілетін уының кірпікшешенге дарымайтынын байғұс жылан білмейтін...
Кірпікшешен құйрықты тастай қылып тістеген күйі қатып қалды. Жаны көзіне көрінген жылан тікенді пәледен тезірек құтылу үшін, бар күшін салды. Соға-соға әбден шаршап, қан жоса болды. Талай қиын жерден ирелеңдеп өткенде, бір жері жараланбайтын, жып-жылтыр, мықты терісі парша-парша болды. Бір уақытта әлі мүлдем құрыды. Сұлқ түсті... Кірпікшешеннің күткені де осы сәт еді...
Қыстан денесіне жинаған майын сарқып шыққан кірпікшешеннің қарны тойып, өзегіне әл барды. Жыланмен алысам деп әлсіреп қалғанын сезді. Денесі қызып, маужырап ұйқысы келді. Қарағаштың түбіндегі шұңқырда жатқан жапырақтарды аяғымен қопсытып, соның үстіне жата кетті.
Ұйықтап бара жатып аспанға карады. Әлгі екі торғай шықылықтап дәл осының үстінде қалықтап тұр екен. Сәл төмендеп, қайта жоғарылап, тынымсыз шырылдап жүр. Торғайлар да ақылды ғой. Олар осынысымен болашақ ұрпақтарын құтқарып қалған ержүрек кірпіге алғыстарын білдіріп жүр еді...

Суретін салған Ерлан Момбаев

310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы