• Әңгіме
  • 31 Тамыз, 2020

ТІСІМ-АЙ,ТІСІМ...

Еркеайым ӘЛИАСҚАР

Менің есімім – Ақерке. Бір үйдің еркесімін. Үйдегі бар жақсы менің алдымда. Сөре толы ойыншықтар да менікі. Тәттінің де көбін мен жеймін.
Биыл бірінші сыныпқа бардым. Сынып жетекшіміз мені жақсы көреді.
– Ақерке, бері келші, – деді бірде ол. Қасына барып едім, бір уыс түрлі кәмпиттер берді. Риза болып, рақмет айттым. Кәмпиттерді қалтама салып, сыныпқа кірдім.
– Қараңдаршы, апай маған не берді? – дедім сосын балаларға көрсетіп.
Бәрі лезде мені қоршап алды. Жан-жақтан «маған берші, маған берші» деп жатыр. Мен бермейтінімді айттым. Оларды қызықтырып, кәмпиттерді жей бастадым.
Қоңырау соғылды. Кәмпиттер де таусылды. Сол сәтте апайымның: «Бәрің бөліп жеңдер» деген сөзі есіме түсті. Іле сыныпқа кірген апай:
– Мен берген кәмпиттерді жедіңдер ме? – деп сұрады балалардан.
– Жоқ. Біз жеген жоқпыз. Ақерке жеді, – деді балалар хормен.
– Мұның жарамады, Ақерке. Кәмпитті достарыңмен бөліс дедім ғой. Енді ана құрт түскен тісің ауырмаса болды.
– Жоқ, апай, ауырмайды, – дедім күбірлеп.
Сабақ аяқталды. Басым салбырап үйге келдім. Алдымнан анам шықты.
Мен болған жайдың бәрін айтып бердім. Анам ұстазымның сөзін құптады.
– Қызым, «өле жегенше, бөле же» деген ғой халқымыз. Ұят істепсің. Бөлісуің керек еді. Олар сенің достарың емес пе? Ертең апайыңнан да, достарыңнан да кешірім сұра. Мен үйден кәмпиттер беремін. Достарыңа соларды апарып бер, – деді анам.
– Жарайды, анашым. Айтқаныңызды істеймін, – дедім мен.
Кешкі асты ата-анам, ағам, әкпем, сіңілім бәріміз бірге отырып іштік. Сосын сабақ оқуға кірістік. Кенет тісім ауыра бастады. Мен шыдамай жылап жібердім. Жаныма үйдегілер жүгіріп келді.
– Айттым ғой. Тәттіні көп жеме деп. Тыңдамайсың! – деді анам.
– Қызым, тәттіні сонша жегенің не? – деді әкем түк білмесе де.
– Ертең тіс дәрігеріне барасың. Тісіңді жұлады, – деді әпкем мен ағам да қосанжарласып.
Бұл сөздерді естігенде одан әрі жыладым. Мен үшін дәрігер деген қорқынышты еді. Ауыртып укол салады. Дәмі жаман дәрі береді. «Бармаймын» дедім айғайлап.
– Ертең өзің көресің, дым ауыртпайды. Тіпті, Назгүлдің кішкентай бөпесі де барған. Өзің білесің ғой, – деді анам жұбатып.
Таң да атты-ау. Анам екеуміз дәрігерге жиналдық.
Тіс дәрігерінің үні сондай жағымды екен.
– О-о, бізге тәтті қыз келіпті ғой. Уайымдама. Қазір-ақ тісіңді емдеп жазамыз, сосын ауырмайтын болады, – деді мені көре сала.
Тіс емдету мен ойлағандай қорқынышты емес екен. Ауыртпады. Тез-ақ ауырған тісімді емдеп берді. Ептілігі үшін дәрігерге риза болдым.
– Сіздің қызыңыз батыр екен ғой. Еш қорықпады, – деді анама қарап. – Қызым, бұдан былай тәттіні көп жеуші болма. Келістік қой? – деді артынан менің басымнан сипап.
Үйге келген соң ауладағы достарыма бәрін айтып бердім. Анам пісірген бауырсақтарды бәріміз бірге отырып жедік. Бір кезде жанымызға кішкентай сіңлім Аягөз жүгіріп келді.
– Айтшы, Ақерке, мен тәттіні аз жесем, мына тістерім қайта шыға ма? – деді ол өзінің кетік-кетік тістерін көрсетіп. Бәріміз ду күлдік.
– Әрине. Маған мейірімді дәрігер «тісіңді күніне екі рет жуып жүр. Сонда менікіндей тап-таза болады және ауырмайды» деді, – дедім Аягөзге қарап. – Ол қуанып, қолын шапалақтады.
Ертесі күні мектепке барған сәтте апайдан да, сыныптастарымнан да кешірім сұрап, анам беріп жіберген тәттілерді бөліп бердім. Бәрі риза болды. Түк болмағандай бәріміз асыр салып ойнап кеттік...

286 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы