• Халықтық салт-дәстүр
  • 31 Тамыз, 2020

ТҮШКІРУ

Дүйсен Мағлұмов

Жаздың жаймашуақ бір күні болатын. Ислам ата бала-шағасымен бақ ішінде, алма ағашының саясындағы тапшанда түскі ас ішіп отырған. Құстар сайрап, шегіртке шырылдап, айнала әсем күйге бөленген. Бір кезде атасының қасында отырған Иман «әтпшу, әтпшу» деп екі рет түшкіріп жіберді.
– Аққас! – деді әжесі.
– Сау бол! – деді анасы.
– Жәрәкімалла! – деді атасы...
Дастарқан батасы жасалған соң Иман орнынан тұра беріп еді атасы тоқтатты.
– Иманжан, сен маған жақын отыр. Айтатын әңгімем бар, – деді атасы оған қасынан орын нұсқап.
– Балам, сен жақында тоғыз жасқа толдың. Есің кіріп, есейіп қалдың. Біліп жүрсін деп мен саған халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары жайлы жиі айтамын. Дініміз туралы да аз айтып жүргемін жоқ. Бұған дейін мұсылманның мұсылман алдындағы алты парызының төртеуін айтып бердім. Бүгін бесіншісін айтудың сәті түсіп тұр. Оған сенің жаңа дастарқан басында түшкіргенің себеп болды.
Мұхаммед пайғамбарымыз хадисінде: «Егер жаныңдағы адам түшкіріп, «Әлхамдулиллаһ» десе, оған сен «Жәрәкімалла» деп жауап қатуың керек» деген. «Әлхамдулиллаһ» «Аллаға шүкір» дегенді білдіреді. Ал «Жәрәкімалла» арабтың «Иархамукаллаһ» деген сөзі. Оның қазақшасы – «Алла жарылқасын». Яғни, түшкірген адамның «Аллаға шүкірі», ал қасындағы адамның «Алла жарылқасыны» – сәлем берген адамның сәлемін алу парызымен бірдей екен.
– Иманжан, сен менің не айтып отырғанымды түсіндің ғой.
– Түсіндім, ата!
– Түсінсең, қане, осы сөздерді айтып, жаттығайық. – Иман атасымен бірге қайталап, сөздерді тез жаттап алды да атасынан:
– Ата, осы адамдар неге түшкіреді? – деп сұрады.
– Түшкіру – адам ағзасында тұмау, аллергия сияқты аурулардың пайда болғанынан хабар береді. Ағзаның сонымен күресіп жатқанын білдіреді. Яғни, пайдалы. Кеше сен футбол ойнап әбден терледің. Содан салқындап қалғансың. Бүгін түшкіріп жүрсің. Кешке әжең қойдың майымен жақсылап сылап береді. Сауығып кетесің. Ал, жаңағы сен жаттаған сөздер «аман бол, ауырма, Алла шипасын берсін» деген тілектен туған, балам.
– Ым-м, ата, жаңа әжем айтқан «аққас» деген сөз нені білдіреді?
– Дұрыс байқапсың, Иманжан! «Аққас» деген де тілек. Адамның қасы қартайған кезде ғана ағарады екен. «Аққас» – «қасың ағарғанша ұзақ өмір сүр, аман бол!» деген мағынаны білдіреді. Жаңа сен түшкіргенде анаң да «сау бол!» деді. Оның да жақсы сөз екенін өзің де білесің. Орыс халқы түшкірген кезде «Будь здоров!» дейді. Солардан тіке аударылып, біздің санамызға сіңіп кеткен.
– Ата, рақмет сізге! Айтқаныңыздың бәрін ертең достарыма айтып беремін, – деді Иман атасына еркелей қарап.
– Дұрыс, дұрыс, құлыным! Ең бастысы өзің ұмытпа! Өзіңе тағы бір айтарым бар. Түшкірген кезде басыңды адам жоқ жаққа бұрып немесе басыңды төмен иіп, мұрның мен аузыңды алақаныңмен жауып ал. Соны әдетке айналдыр. Олай істемеу – үлкен әдепсіздікке жатады.Ұқтың ғой!
– Ұқтым, ата!
– Ендеше, бара ғой, балам! – деді Ислам ата немересінің арқасынан қағып.
Орнынан тұра берген Иман «әтпшу, әтпшу» деп тағы да екі рет түшкіріп қалды. Аузы мен мұрнын алақанымен жауып үлгерді. Іле-шала «Әлхамдулиллаһ» деді дауыстап.
– Жәрәкімалла, жасың ұзақ болсын! – Ислам атаның даусы да жарқын шықты.

Суретін салған Ерлан Момбаев

1516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы