• Ертегілер
  • 25 Қараша, 2019

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ. «Қоянның ақылы» (ертегі)

Бағзы заманда маймақ аяқ аюлар алты ай қыс апанда жатып, ұзақ  ұйқыға кетпейтін болыпты. Жылдың төрт маусымында таңнан кешке дейін талғажау іздеп, қорбаңдап жүре береді екен. Кейде жейтін ештеңе таппаса, ашуланып, бар дауыстарымен бақырып, ағаштарды сындырып, жан-жаққа тас лақтырады екен. Ормандағы аң-құстар бас сауғалап қашып, қыстың  қытымыр аяздарында далада қалыпты. Ашулы аюлардың қаһарынан ығып,  қиын жағдайға түсіпті. Сөйтіп қысылып жүргенде, бір қоян оларға ақыл айтыпты. – Уа, орманның шуылдаған аң-құсы, дабырламай қоя тұрыңдар! Мен сендерге осы қиындықтан шығудың жолын айтайын деп тұрмын,  құлақ салыңдар! – дейді қоян ортаға шығып. Бұл не ақыл айтар екен деп таңырқаған жұрт тына қалады. –  Жүруге  жарайтындарың  дәл қазір барып аюларға хабар беріңдер, – дейді  қоян сөзін ары жалғап. – Не деп? – дейді ауыздары ашылған аң-құс одан сайын таңғалып. – Барыңдар да: «Аса құрметті аюлар! Біздің қоян бауырымыз сендерге   арнап қонақасы бергелі жатыр. Осы орманды жайлаған аюлар түгел келсін дейді»  – деңдер! Соны айтқан қоян сөзінің соңынан: – Ал, қалғандарың маған еріңдер! – дейді таяу жердегі көлге қарай бет алып. Қоян артынан ергендерді бастап, көлдің  жағасына келеді. Қыс кезі болғандықтан, су көк жалтыр мұз болып қатып жатады. Мұздың қақ ортасына жеткен қоян тоқтап: – Мына жерді ойыңдар! – дейді соңындағыларға бұрылып. Қоянның бүгінгі тосын мінезіне әрі таңыррап, әрі қызыққан аң-құстар оның айтқанын екі етпей, мұз оюға кіріседі. Сәлден соң үй орнындай жердің мұзы ойылып болады. – Енді жағалаудан қамыс орып әкеп, ойылған жерді жабыңдар! – дейді бұйрықты үнмен. Айтқаны дереу орындалады. – Енді көлден сары сазан аулап, қамыстың үстіне үйіңдер! – дейді қоян шіреніп тұрып. – Аюларды осында қонақ қыласың ба? – деп сұрайды аң-құстар түкке түсінбей. – Иә. Қазір көресің оларды қалай күтіп алғанымды, – дейді қоян мардымсып. Әлі ештеңенің байыбына бармаған аң-құс айтқанын табанда орындайды. Бір кезде маң-маң басқан аюлар да көрінеді орман шетінен. Көлдің ортасына  жетіп, қамыс үстінде үйіліп жатқан семіз балықтарды көргенде ауыздарынан  сілекейлері  шұбырып, бір-бірін итеріп, алдыға қарай ұмтылады. Олардың бұл түрін көрген қоян іштей қорқып тұрса да алдарынан шығып, жолдарын бөгейді. – О-о, құрметті қонақтарым, келіп қалдыңдар ма? Қуаныштымын! Тамақтың алдында айтар бір ауыз ссзім бар, соған құлақ салыңыздар! Сіздер білесіздер ме, алдарыңызда жатқан мына балық жәй балық емес. Бұл  сүйегіне дейін  шипалы бал-балық. Мұны бір кісідей жабылып, таласып жесеңдер, шипасы одан сайын артады, ұзақ өмір сүресіңдер! – Қоян-ау, шын айтып тұрсың ба? Қоррақ болғаныңмен, жомарт екенсің ғой. Бұрын неге білмегенбіз! – деп шу ете түседі тағаттары таусылған аюлар. – Әрине, шын айтып тұрмын, – дейді қоян. – Онда бізді енді бөгеме! Жібер! – дейді аюлар алға асыға лап қойып. Сол-ақ екен, көл беті айқай-шуға толады да кетеді... Суға топырлап түскен аюлардың сол жолы тоңғандары сонша, көл суынан  өлдім-талдым дегенде әрең шығып, ормандағы ескі апандарға барып тығылыпты. Бойлары жылыннан соң ұйқыға кетіпті. Қыс бойы оянбапты. Содан былай аюлар қыстай ұйықтап, апандарынан тек көктемде ғана шығатын болыпты. Ал орманда өздерін өгей сезіне бастаған аң-құс қоянның ақылының арқасында еңсе көтеріп, бұрынғы орындарын қайта тауыпты дейді.

Талдықорған  қаласы

«Балдырған» журналы, №11 Қараша, 2019

2174 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы