• Ертегілер
  • 28 Наурыз, 2019

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ. «Туған күніңмен, Айтұмсық!» (ертегі)

Хайуанаттар бағында сағына күткен жаңалық болды. Мүйізтұмсық  өзінен аумайтын, сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай жануарды дүниеге әкелді. Ботақан әке-шешесі сияқты топырақ түсті қою қоңыр да, батпақ қара да емес,  үлбіреген көгілдір еді. Тұмсығының ұшында нүктедей қара дақ «мен мұндалап» тұрды. Оған сәуле түссе болды, алтындай жалтырап, жауыннан кейінгі кемпірқосақтай мың түске айналып, құлпыра түсті. Жаңа туған ботақанға бәдіктің тілі, сұғанақтың көзі өтпесін деп, жан баласына көрсетпей, тығып ұстады. Күндіз күннен қалқалады, түнде Айдан жасырды. Жақсы жаңалықты қанша құпия ұстағанмен гу-гу әңгіме басылған жоқ. Тышқандар жерді тесіп жетсе, Сауысқан шатырдың саңылауынан  сығалап, «бауы берік болсын» айтып та үлгерді. Ал, қалған аң-құс сүйкімді жануарды бір көруді армандаумен жүрді. Түн жарымы ауа  хайуанаттар бағындағы кілең кішкентай ботақандар, маймақ аяқ балапандар мен күшік тектілер түгел жиналды. Олар шәуілдеп, қаңқылдап, өздерінің ең алғашқы танысу-кездесуін өткізді. – Біз енді ту-ту, ту-ған күнімізді тойлайтын болайық, – деді тілі жаңа ғана шыққан пілдің баласы тұмсығын  ерсілі-қарсылы тербете. – Ең алдымен менің туған күнімді тойлайық, –  деді маймылдың баласы тілінің ерте шыққанын пайдаланып. – Шын айтамын. – Мен де туған күнімді тойлағым келеді, – деді өткен аптада дүниеге келген кішкентай Қолтырауын жаңа ғана шығып келе жатқан өткір тістерін мақтана көрсетіп. – Онда, дайындала беріңдер, – деді ес біліп үлгерген  кішкентай Керік мойнының ұзындығын пайдаланып. – Ең алдымен өмірге жаңа ғана келсе де, бәріміздің  көзайымымызға айналған жұмбақ ботақаннан бастаймыз, – деді сөзін кесіп айтып. – Оған, оған, ең алдымен керемет ат ойлап табайық, – деді сүп-сүйкімді аққудың Көгілдірі мойнын соза, күлімсіреген мөлдір көздерін жыпылықтата. – Сыйлық әкелуді ұмытып кетпеңдер, –  деді әзілдей түйенің Ботасы. – Келістік, келістік. Сенбі күні түн жарымы ауа, осы жерде жиналамыз. Бұл туралы ешкімге тіс жарушы болмаңдар, – деді Алан. – Бұл Жунгли заңы. Сол сәттен бастап, хайуанаттар бағында құпия әрекеттер, астарлы әңгімелер жүре бастады. Бұрынғы айқай-шу, керіле-созылған жалқаулық су сепкендей басылып, тыныштық орнады. Күнделікті әкелінетін дастарқан мәзірінің жартысы желінбей, қойын-қалталарына салынды... Асыға күткен түн жарымы да келді. Олар келіскен жерге түгел жиналды. Әшейінде кешігіп жүретін кішкентай тасбақа қалбалақтап бәрінен бұрын жетіпті. Барлығы жиналып, Мүйізтұмсықтың ауласына келді... Міне, керемет! Мүйізтұмсық ай сәулесіне маужырап, кішкентай ботақанын тұмсығына отырғызып алып, тербетіп, Саваннаның бесік жырын айтып тұр екен. Кішкентай ботақаны анасының жарты ай тұмсығынан құшақтап алыпты. – Таптым, таптым, оның есімі енді Айтұмсық болады, – деді кішкентай Керік. – Айтұмсық!.. О, керемет! – Айтұмсық, туған күніңмен! Барлығы көзін жаңа ғана ашқан кішкентай Мүйізтұмсықты  құттықтап жатты. Ана Мүйізтұмсық болса,  жаңа достардың баласын іздеп келгеніне жүрегі жарыла қуанып, билеп жүр.  Сыйлықтар да тау-тау жиналды. Хайуанаттар бағындағылар өмірлерінде мұншама тәтті тағамдарды көрмеген еді. Қарындары да ашып қалыпты. Қомағайланып кеткендері-ай!  Сүйсіне жеді. Ойнады. Бірі атамекені – аптап ыстық  Африканы, енді бірі – ну орманды Американы сағынып қалыпты. Азияның тәтті, бал-шырын жеміс-жидектері шашудай шашылды. Олар дауыстары қарлыққанша ән айтты. Аяқтары талғанша биледі. – Енді кімнің туған күнін тойлаймыз, – деді Керік қоштасар кезде. – Оған бұдан да керемет дайындалуымыз керек. – Менің! – Менің де! – Мені маймылдың шақалағы деп мазақтағандарын қойсын! – Мен, мен, атымды айтуға да ұяламын, – деді кішкентай Көртышқан. – Той бәрімізге де же-те-ді-і, – деді қасқырдың Бөлтірігі әдемі ұлуына басып. – Бірақ, бірақ, демалыс күндер аздық етеді. – Онда туған күнді тойлауды адамдар сияқты дүйсенбіден бастай берейік, – деді Торай. Хайуанаттар бағы бір сілкінді. Дүрлікті. Дәл мұндай мереке, туған күн еш жерде тойланбаған шығар. Олар үйлеріне қайтуға асыққан жоқ. Ата-аналары да еркетайларының кешіккеніне алаңдамады.

«Балдырған» журналы, №3 Наурыз, 2019

 

3417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы