• Ертегілер
  • 14 Желтоқсан, 2018

«Тоқылдақ» (жұмбақ-ертегі)

 

Қоғам қайраткері, ғалым Сәбетқазы АҚАТАЙДЫҢ туғанына 80 жыл

Белгілі қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатай аталарың аталарың көптеген ғылыми еңбектер, публицистикалық мақалалар жазған. Ол философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері еді. Сәбетқазы аталарың кішкентай балаларды егеменді еліміздің ертеңі деп ерекше жақсы көрді. Әсіресе балаларға арнап ертегі жазғанды ұнататын. Аталарыңның 80 жылдық мерейтойына орай оның бір ертегісін сендердің назарларыңа ұсынып отырмыз. ҚҰЛАН иектеніп атқан таң жапырағы селдір орманды алтын нұрға малшындыра бастады. Айнала мүлгіген ұйқыда. Тым-тырыс. Сәлден соң тау басынан күн де сығалады. Өзен жағасына бой түзеген қалың ағаш ішінен шыққан Тоқылдақ үні меңіреу тау ішін жаңғырыққа бөлеп жіберді. – Тоқ, тоқ... тоқ, тоқ, тоқ... Күн шықты, енді ұйқы жоқ, – деп Тоқылдақ ұшар басы аспанмен тілдескен дәу самырсынның қабығын қаққылап жатты. – Таң атпай мазамды алған кім? – деді самырсынның ұңғылынан шыққан үн. – Тоқылдақпын. Сен кімсің? – Тиінмін. – Тиін, Тиін! Жылдам киін, мойныңды бұр, орныңнан тұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ! – Қап, бәлем! – деп ашуға булыққан Тиін далаға шықты. Тоқылдақ самырсыннан ұшып барып, қарағайға қонып, оны да қаққылай бастады: «Тоқ, тоқ... тоқ, тоқ. Күн шықты, енді ұйқы жоқ». – Таң атпай ерігіп жүрген қайсың? – деді ағаш ішінен шыққан шаңқылдақ дауыс. – Тоқ, тоқ... Тоқылдақ деген менмін. Өзің кім болдың? – Сусармын. – Сусар, Сусар! Көлге жусар, ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ! – Қап, бәлем! – деп күрек тістерін ақситып, сусар далаға шықты. Бірақ Тоқылдақ көрші шынардың бұтағын қаға бастаған еді. – Тоқ, тоқ... Тоқ, тоқ, тоқ. Күн шықты, демек, ұйқы жоқ! – Әй, бұл қайсың таң атпай мазалаған? – Тоқ, тоқ... Тоқылдақ деген мен болам. Өзің кімсің? – Күзенмін! – Күзен, Күзен, суда жүзген! Ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ! – Қап, бәлем! Мына жағың қарысқырдың ызасы-ай! – деп Күзен далаға шыққанша, тоқылдақ шыршаның қабығын қаққылай бастады: – Тоқ, тоқ, тоқ, тоқ, тоқ... Күн шықты, демек, ұйқы жоқ! – Әй, дүрсілдеткен қайсың? – Тоқ. тоқ... Тоқылдақ деген мен болам. Өзің кімсің? – Кәмшатпын, Кәмшат! – Кәмшат, Кәмшат, ала моншақ! Ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ. – Қап, бәлем! – деп, тісін шақылдатқан Кәмшат далаға жүгіргенше, Тоқылдақ теректің бұтағын қаққылай бастады: – Тоқ, тоқ, тоқ, тоқ... Күн шықты, демек, ұйқы жоқ! – Бұл кім екен? – деген дауыс теректің түп жағынан естілді. – Тоқ, тоқ... Тоқылдақпын. Өзің кім болдың? – Менмін ғой. Қоян. – Қоян, Қоян, жылдам оян! Ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ! – Қап, бәлем! Жаңа ғана көзім ілініп еді, – деп Қоян інінен шыққанша, Тоқылдақ лып беріп еменге қонды. – Тоқ, тоқ, тоқ, тоқ, тоқ... Күн шықты, енді ұйқы жоқ! – Бұл кім тарсылдатқан? – Гүріл еменнің түбінен естілді. – Тоқ, тоқ... Тоқылдақпын. Өзің кімсің? – Мен бе? Мен Маймақ емеспін бе? – Маймақ, Маймақ! Талтақ аяқ, ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ! – Әй, мына Тоқылдағың рас айтады. Ұйқыға әлі ерте болар, – деп Маймақ аю апанынан шығып, шаруасына кірісті. Тоқылдақ басқа ағашқа ұшып кетті. Балалар! Тоқылдаққа қай хайуанаттың ашуланғаны дұрыс та, қайсысынікі дұрыс емес?

«Балдырған» журналы, №12 Желтоқсан, 2018

 

900 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы