• Ертегілер
  • 24 Шілде, 2018

СЕРКЕШ (Ертегі)

Қызық әңгімені айтып, серіктерін күлдіріп жүретін Серкеш уақыт өте келе сөзінің ара-арасына өтірікті қосып жіберетін болды. Ондай артық-ауыс нәрсеге ешкім мән бере қойған жоқ. Бір күні теледидардан бұғыны сұлатып салған аюды, қасқырға тап берген тәуешкіні көрді. Маңдайдан теуіп, жолбарыстың жұлынын үзген айғырға тамсанды. Сөйтіп отырып, «бұлардың менен қай жері артық» деген ойға келді. Рас, лақ кезінде қаперіне ештеңе кірмейтін. Есейген соң жүріс-тұрысы өзгергенмен, мінезі сол күйі қалды. Ал Серкеш атанғалы түсіне ерлік, батылдық кіретін болды. Бір күні көл жағасындағы аюдың бас сүйегі, өзен сағасындағы қасқырдың қаңқасы есіне түсті. Соны пайдаланып, беделін көтеруді көздеген ол лақтардың ортасында отырғанда: – Жас болсам да көрмегенім жоқ, соны кім біліп жатыр,– деді күрсініп. – Бізге сабақ болсын, соның бір-екеуін айтып беріңізші,– деді қара лақ. – Сөйтіңіз,– деп жамырай жөнелді қалғандары. – Қоймадыңдар ғой, жарайды,– деді Серкеш ауыр ойға шомып.– Өткен жылы күзде көлден су ішіп тұрғанмын. Кенет ту сыртымнан тысыр естілді. Жалт қарасам, еңгезердей аю екен. Құлашын жайып, таяп қапты. Қашқанмен, құтыла алмаймын. Нартәуекел деп, баспен іштен пердім де кеттім. «Ойбай!» деп баж етті. Сөйтсем, мүйізім бір санын айырып кетіпті. – Ол кезде жастау болдыңыз. Сонда мүйізіңіз бар ма еді?– деді қара лақ тықақтап. Серкеш оған алара бір қарады да, әңгімесін ары сабақтады. – Бар болатын. – Ұзындығы қанша еді? – Қарысқа жуық. – Онда... ондай мүйіз бізде неге жоқ қазір? – Ондай ерекшелік әркімде бола бермейді. Жаратылысына, тегіне байланысты. Мен, әйтеуір, ертерек ержеттім. Мүйізім болды. Қысқалау болғанмен, найзадай үшкір. Көл жағасынан аюдың бас сүйегін көргендерің бар ма?– деді сосын Серкеш отырғандарды бір шолып өтіп. – Көрдік,– деді лақтар жарыса. – Көрсеңдер – сол, сол бас –мен өлтірген аюдың басы. Лақтардың таңданған үндері естілді. Серкеш енді тіпті де шірене түсті. – Тағы айтыңызшы!– деді лақтар жамыраса. – Өзеннің жағасынан қасқырдың қаңқасын байқағандарың бар ма,– деді Серкеш енді аяғын айқастырып. – Байқадық,– деді бірнешеуі. – Бір күні қызыл түлкіні қуып келе жатып, біреуді жәукемдегелі жатқан қасқырға тап болдым. Түлкіні жайына жіберіп, қасына жетіп бардым. Ол мені көріп: – Мына ешкі жас екен. Еті жұмсақ,– деп сілекейі шұбырып, тұра ұмтылды. Ұрымтал тұсты көздеп, мен де атылдым. Сәті түсті, мүйізім бір борбайын жұлып кетті. Ыңырсып жатып көз жұмды. Шашылып жатқан қаңқалар – сол қасқырдың сүйегі. Соны айтып Серкеш болмашы сақалын сипап қойды. – Бөрі сізден гөрі денелі ғой, әрі күшті,– деді қара лақ көзін сығырайтып. – Ондай кезде мәселені қара күш шешпейді, әдіс шешеді. Барлығын жобалап, жоспарлау керек. Қателессең, өкінішке ұрынасың...– деді Серкеш алымсынбай. Дәл осы кезде әлдеқайдан қасқырдың ұлыған үні естілді. Сасып қалған лақтар «енді қайттік» деп Серкешке қарады. Сонда көрді, Серкеш әлдеқашан орнынан тайып тұрған екен. Манадан әңгімесін тыңдаған лақтар енді бір-біріне қарады.

Оразбай БАЙБАҚҰЛЫ

«Балдырған» журналы, №6 Маусым, 2018

 

1740 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы