• Ертегілер
  • 12 Желтоқсан, 2017

Қайта оралған күлкі (әңгіме-ертегі)

Алуаның жарық дүниені жылытатын әдемі жымиысы бар. Жанары жалтылдап үнемі көңілді жүреді. Айналасындағылар да оның осы мінезіне бой үйретіп алған. Басқадай болғанын қабылдай алмайды. Бүгін ол ең жақын досы Қарлығашты ренжітіп алды. Сөз таластырамын деп. Не үшін олай істегенін өзі де білмейді. Мұғалім екінші сыныпта оқитын бұларға «Ағаш жапырақтарын кім бояйды?» деген тақырыпқа шығарма жазып келуді тапсырған. – Өз пигменттері, – деді Алуа дәптер, қаламын жинастырып жатып. – Әр бояудың атын шығармаларыңда толық жазыңдар. Олардың ерекшеліктерін атап өтсеңдер тіптен жақсы, – деді мұғалім толықтап. – Хлорофилл – жасыл, ксантофилл – сары, антоцион – күрең қызыл. – Алуа бұрын мінезінде байқалмаған жеңілдікпен жапырақтағы бояуларды атап шықты. –  Сен-ақ білгішсіне береді екенсің, – деді Қарлығаш оны жақтырмай. – Сен секілді тымпиып отыруым керек пе? – деді Алуа бетіндегі жымисын жиып алып, бұртия қарап. – Сенімен ойнамаймын. – Қарлығаш жалт бұрылып, есікке қарай жүрді. – Ойнамасаң ойын бақ, диуананың қойын бақ, – деді Алуа артынан. – Өзің бақ! – деді Қарлығаш табалдырықтың түбінен кері бұрылып. Сөйтті де қайта бұрылып, шығып кетті. Алуа кенет жабырқап, өзін аса көңілсіз сезінді. Мектептен жалғыз қайтты. Айнала бөтен тартыпты. Аспан түнеріп алғандай. Ағаштар күрсініп, құстар сыбырласып қана отырғандай. Жанарына көлкілдеп жас келді. Үйге келісімен айнаға қарап еді, түрі өзіне ұнамады. Көзі кіртиіп, қабағы салбырап қалыпты. Сәл тұрып қайта қарады. Мұрын, көз, бұрымы, кекілі, ақ бантигі бәрі-бәрі орнында. Бірақ бір нәрсе жетпей тұр. Ол не болды екен сонда? – Күлкім! – деді сәлден соң дауысы шығып.  – Күлкім! Ол қайда кеткен? Жан-жағына қарады. Еш жерден көрінбейді. Сөмкесін ақтарды. Жоқ. Мектебіне қайта жүгірді. Партаның астын қарады. Жоқ. Сырт киімінің қалтасына қолын салып көрді. Дым ілінбеді. Жылап жіберді. Сыртқа шықты. Күлкім бір жерде тығылып тұр ма дегендей жан-жағына қарады. Көзінің жасы тоқтар емес. Үйге келгенде анасы: – Не болды? – деді шошына қарап. – Күлкімді жоғалтып алдым, – деді Алуа қыстыға өксіп. – Қай жерге? – Білмеймін. Қарлығаш «диуананың қойын өзің бақ!» деп есікті тарс жапқанда, шошып кеткен сияқты... Анасы не болғанын шамалады. – Мүмкін, сенің бір мінезің ұнамай, оның өзі кетіп қалған шығар, – деді сосын ойлансын дегендей. – Білмеймін, – деді Алуа. Ертесі ол мектепке анасының күлкісімен бірге келді. Сыныпқа кіріп, Қарлығаш жаққа қарады. Ол жымиып, жазған шығармасын оқытуға келе жатыр екен. Алуа оны құшақтай алды. Екеуі сыңғырлап, сықылықтай күлді. Алуа өз күлкісінің қайдан, қалай келгенін аңғармай қалды. – Сәбізді жер астында кім бояйды деп жүрсем, өзінің коротин деген пигменті бар екен ғой. Ол жасыл бояу – хлорофилл секілді суықтан қорықпайтын көрінеді. Бояулардың мінезі де адамдардікіндей екен, – деді Қарлығаш шығармасындағы жаңалықтарын қуана айтып. Қарлығаш сөйлеген сайын Алуа оған қуана қарады. Дала да, жапырақтар да күлкісін қайта тапқан кішкентай қыздарға мейір төкті.  

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

«Балдырған» журналы, №11 Қараша, 2017

 

1057 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы