• Ертегілер
  • 28 Қараша, 2017

Бала би хандығы (ертегі)

  Ертеде бір патшалық болыпты. Ол патшалықтың өзімшіл, сараң, қатал, мақтаншақ ханы бар екен. Ол хан халыққа салықты көп салады. Осы себептен оның қол астындағы халық көп азап шегеді. Оның жүзден астам уәзірі болады. Бір күні хан сарайынан шығып бара жатып сыбырласып сөйлесіп жатқан уәзірлерін көреді.  Жақынырақ барып тыңдаса, уәзірлері бір аса дана, мейірімді, ақылды, шешен, өнерлі бала жайында айтып жатады. Хан қатты ызаланып кетеді. Дереу жарлық шығарады. Ол жарлығында: «Осыдан бірнеше күндік жерде тұратын бір ақылды бала бар екен. Сол бала менің сарайыма келіп, менімен сайысқа түссін. Сайыста мені жеңіп кетсе, мен оған өз тағымды әрі жалғыз қызымды беремін. Ал егер менен жеңіліп қалса, онда мен оның басын аламын» – дейді. Бірнеше күн өткен соң хан сарайына әлгі бала келеді. Хан оның түріне қарап күліп жібереді. Ол бала он төрт жас шамасындағы бала болатын. – Мынау ма сендердің мақтап жүрген балаларың?! – деп хан уәзірлеріне қарап қарқылдап күледі. Уәзірлері төмен қарайды. Бала ханға қарап: – Сіздің жарлығыңызда менімен сайысқа түсемін деп айтылмап па еді? Ал сіздің мына қылығыңыз күлкі болды ғой, – дейді бала ханның бетіне қарап. Хан күлкісін дереу доғарып, баланы қасына шақырады. Содан соң сайыс басталып кетеді. Хан: – Дүниеде нені ең алдымен жақсы көру керек, қандай затсыз күнің, ал несіз өмір жоқ? – деп сұрайды. Бұл сұрақтарға бала: – Дүниеде ең алдымен ата-ананы жақсы көру керек, сосын білімсіз күнің жоқ, махаббатсыз өмір жоқ, – деп жауап береді. Бұл сайыс ұзаққа созылады. Хан сұрағын қоя береді, ал бала оған нақты-нақты жауап қайтарып отырады. Арада бірнеше күндер өтеді, сайыс мәресіне таяп қалады. Кенет ханның қояр сауалы таусылады. Ханның сұрағының таусылғанына уәзірлері қуанып кетеді. Сөйтіп бала ханды жеңеді. Ханның өз тағын балаға беруден басқа амалы қалмайды. Алдымен қызын балаға ұзатып, үлкен той жасайды. Содан соң  тағын босатады. Хан ақылды балаға қызын бергеніне қатты қуанады. Халық та қуанады. Елі тыныш, бейбіт өмір сүре бастайды. Осыдан кейін халық бұл хандықты «Бала би» хандығы деп атап кеткен екен.  

Елігай ЕЛЕМЕС

«Балдырған» журналы, №10 Қазан, 2017

1988 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы