• Ертегілер
  • 21 Маусым, 2017

Жалқау қыз (башқұрт ертегісі)

Әлем халықтарының ертегілерінен

Баяғыда əжесі мен оның немере қызы болыпты. Əжесінің қартайғаны сонша, ештеңе істей де алмапты. Ал немере қызы тіпті жалқау екен. Кемпір жылдан жылға қартайып, қажи беріпті. Көктемнен аман-есен шыққан соң ол: «Тамақ керек, жұрттың бəрі, əне, егін егіп жатыр, біздің де бірдеңе сепкеніміз жөн»,– деп ойлайды. Ол осы ойын немересіне айтады. – Қажеті жоқ, əже, сен мүлдем қартайдың, күзде мүмкін о дүниелік боларсың, одан соң мені өз отбасына алатын бір мейірімді адамдар табылар. Бізге нанның не керегі бар? – дейді немересі. Осылайша олар ештеңе де екпейді. Күз келіп, жұрт алқаптағы егінін жинап алады. Кемпір өлмейді, немере қызды да бағып-қағуға алатын ешкім болмайды. Олар ашыға бастайды. Бірде көршісі келіп қалады да, əжесі мен немере қыздың жейтін ештеңесі жоқ екенін көріп: – Келіп ең құрығанда кішкене болса да, тары алып кеткендеріңде ғой! – дейді. Көрші кетіп қалған соң əжесі немересіне: – Барып тары алып келсеңші! – дейді. Ал немересі оған: – Алудың қажеті бар ма? Мүмкін оның тарысы жақсы емес шығар... – деп жауап қатады. Қыс бойы кемпір мен немересі қатты ашығып, аштан өліп қала жаздайды. Көктем шығысымен немере қыз егістікке жұмысқа шығады. – Жұмыс істеп қайтесің? – деп күледі көршілері. – Əжең сенің қартайды, төрінен көрі жуық. Ал сені тəрбиелейтін біреу табылар. Нан сендерге неге керек? – Жоқ, болмайды, мен енді түсіндім. «Қыстың қамын жаз ойла»,– деп қариялар бекер айтпаған екен, – дейді немересі.

Орыс тілінен аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.

«Балдырған» журналы, №5 Мамыр, 2017

 

3263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы